ҮМБЕТБАЙ УАЙДИН АТЫНДАҒЫ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

ҮМБЕТБАЙ УАЙДИН АТЫНДАҒЫ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ
Бүгін Ырғыз аудандық орталық кітапханада "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында белгілі сатирик, жазушы Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды. Шараға Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин арнайы қатысып, құттықтады. Аудан басшысы «Үмбетбай ағамыздың дәуірлер өтсе де елге рухани азық болып қала беретін шығармалары ұлтымыздың асыл қазыналарының қатарында бірге жасаса бермек. Халықтың өз перзентіне деген ықыласы да уақыт өткен сайын арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан бұл кабинет ежелден мәдениет пен өнердің ордасы саналатын Ырғыздағы аудандық кітапхананың үлкенді-кішілі оқырмандары, әсіресе жас буын үшін бұл таптырмас олжа, рухани қазына» деп атап өтті.
Жазушының жары Мариям Алданова өз сөзінде жерлестеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да өзара байланыста болатынын айтты. Кабинетке сатириктің қолжазбалары мен кітаптарын, суреттерін сыйға тартты. Мәдениет саласының ардагері Рахия Омарова мен аудандық кітапхананың директоры Марат Мырзалы жазушының осы ғимаратта болған бұрынғы мектепте оқығанын, әрбір келген сайын сол кездерді қимастықпен айтатынын, туған жеріне келгенде ең әуелі кітапханаға келетінін еске алды.
Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет жазушы туралы білгісі келетін, әдебиетсүйер барша оқырмандарға арналады.