Цифрлық даму министрлігіне қарасты мекемелер экочэлленджді қолдады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, республикамыздың әр аймағында тазалық шараларын өткізді. Республикалық чэлленджге министрлікке қарасты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Зерде» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері қатысты.
Жалпы республикалық деңгейде өтіп жатқан акция қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ақтөбе облысы бойынша филиал директоры Руслан Амандықұлының айтуынша, маңызды экологиялық шараны мемлекеттік корпорацияның барлық аймақтағы филиалдары мен ҚР ЦДИАӨ министрлігіне қарасты мекемелер қолдады. «Бүгін біз әріптестерімізбен Кірпіш аудандық «Шаңырақ-Бесік» аймағын тазартудамыз. Қызметкерлеріміз туған жерді көркейтуге өзіндік үлес қосып жатыр. Ғасырлар бойы ыдырамайтын пластик сияқты қоқысты жинау – өте маңызды. Өңір тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдауға ғана емес, айналаны таза ұстап қалдықтарды тастамауға шақырамын», – деп қосып өтті директор.
Айта кетейік, «Шаңырақ-Бесік» аймағын жинауға 500-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Олар бірлесіп, 5 мыңға жуық шаршы метр жерді тазартып, 5 тоннадан астам қоқыс шығарды.