Газ қолдану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтаңыз!

Қазіргі уақытта табиғи және тасымалданған газды тұрмыста кеңінен қолданамыз. Оны пайдалану барысында өте сақтықты қажет ететіндігін естен шығармауымыз қажет. Сол себепті бірқатар қауіпсіздік шараларының айта кетер болсақ, газ тасымалдаушы мекемелерден газды қауіпсіз пайдалану нұсқаулығымен танысып алған жөн. Газды қосу және қолдану кезіндегі газ құрылғыларының және түтін шығару жолдарының жай-күйін тексеріңіз. Газды қолданып болғаннан кейін газ қондырғыларының (баллон) шүмектері толық жабылуына көз жеткізіңіз. Балаларға газдың өте қауіпті жарылғыш, түссіз улы зат екенін айтып ескертіңіз. Газ аспаптары мен қондырғылары жұмыс жасамаған жағдайда, арнайы маманның көмегіне жүгініңіз. Жертөле және жер асты қоймаларына түсер алдында, жарық қосар кезде немесе от тұтатар бұрын газдың иісі шықпайтынына көз жеткізіңіз. Газ баллондарын мейлі ол толық немесе бос болсын ашық күннің астына қалдыруға болмайтынын естен шығармаңыз. Газ плитасы мен баллоны орналасқан бөлмеде форточка немесе желдетілетін тесік орнату міндетті. Асханада газ плитасы терезе жапқыштардан, жанғыш материалдардан және электр қосқыштарынан алшақ жерге орнатылуы тиіс. Газ плитасы мен баллонын жертөле бөлмесіне орналастыруға тыйым салынады.
Пәтер ішінде газ иісі пайда болған жағдайда дереу газ құралдарын пайдалануды тоқтатып, газ шүмектерін жабыңыз, бөлмелерді желдетіп терезелерді ашыңыз. Иіс бар бөлмеде от жағуды тоқтату керек, жарық және электр құралдарын қосуға, телефонды пайдалануға болмайды. Газ иісі байқалған жағдайда газ қызметкерлерін шақырыңыз немесе ұялы телефон арқылы «101» және «112» номеріне қоңырау шалыңыз.
Ырғыз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі