Жағажайлар жұмысын бастайды

Ырғыз ауданы өзен-көлдерінің көптігімен ерекшеленетін аймақ. Әдетте, шомылу маусымы 1 маусымнан басталып, 31 тамызда аяқталады.
ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының» талаптарына сәйкес, су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылуға рұқсат етілмейді! Қазіргі таңда Ырғыз ауданы бойынша екі жерде коммуналдық жағажай жұмысы ұйымдастырылған. Ырғыз ауылындағы Ырғыз өзеніндегі «Двигатель» және Нұра ауылындағы Торғай өзеніндегі «Торғай» коммуналдық жағажайлары. Ағымдағы жылдың мамыр айында аталған жағажайларда Ақтөбе облысының ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ қызметкерлерімен сүңгуірлік тексеру және түбін тазарту жұмыстары жүргізілді.
2018 жылы ауданның су айдындарында 3 төтенше жағдай тіркеліп, 3 адам қаза болды. Қазаның негізгі себептері белгіленбеген жерде шомылу және баланы бақылаусыз қалдыру салдарынан орын алды.
Жоғарыда аталған «Двигатель» және «Торғай» коммуналдық жағажайларынан басқа орындар шомылуға тыйым салынған аумақтар болып табылады. Ырғыз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында сақ болуға, қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады.