Зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу тәсілдері

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірмені кез келген уақытта тегін алуға құқылы.
Бүгінде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы анықтаманы мынадай тәсілдермен алуға болады:
1) Тікелей зейнетақы қорының офистеріне келу;
2) Электрондық тәсілмен, оның ішінде:
· Үзінді-көшірме салымшы зейнетақы қорына ұсынған электрондық почтаға жіберіледі. Салымшы таңдап алынған кестеге сәйкес зейнетақы шотынан үзінді-көшірме: ай сайын, үш ай сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл сайын жіберіліп отырады;
· логин мен пароль немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен, зейнетақы қоры сайтының Жеке кабинеті арқылы;
· электрондық үкімет порталының Жеке кабинеті немесе бір реттік sms-пароль арқылы, мұнда sms-пароль mGov мобильді азаматтар базасында тіркелген салымшылар мен алушылардың ұялы телефонына жіберіледі;
3) Дәстүрлі пошта байланысы арқылы.
Ақпарат алу тәсілін таңдау үшін салымшы жеке басын куәландыратын құжатпен зейнетақы кеңсесіне келеді. Электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда, ақпарат алу тәсілін зейнетақы қоры сайтының Жеке кабинетінде таңдауға немесе өзгертуге болады.
Интернет-хабарландыру тәсілі ең ыңғайлы тәсіл болып табылады: зейнетақы шотының жай-күйі туралы анықтаманы кез келген жерде аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы жедел түрде алып тұруға болады.