Көктемгі су тасқыны

Ырғыз ауданы көлемінде көктемгі су тасқыны кезінде ауданның өзен, көл жағаларына орналасқан елді мекендер, шаруашылықтарды су басу қаупі күшейеді. Күшті жауынның, қардың тез еруі салдарынан немесе өзенде сең жүруі кезінде оның бір орынға жиналып кептелуі себебінен, су деңгейінің көтерілуінен су қоймасындағы жиналған судың көлемі ұлғайып арнасына сыймай, оны айнала қоршаған бөгетті кенеттен бұзып кетуінен, белгілі бір аймақ уақытша су астында қалып қоюы мүмкін. Көктемгі су тасқыны кезінде орын алған мүлік шығындарына ұшыратқан, үй, мал қораларын қиратқан су басу жағдайларының тәжірибесін ескере отырып аудан тұрғындарына мынадай кеңес береміз:
Құжаттарыңызды үйге қалдырмай өзіңізбен бірге алып жүріңіз;
бағалы заттар, алғашқы қажеттілік заттарды, отбасының әрбір мүшесіне азық-түліктер мен киімдерді шатырға көшіруге дайындап қойыңыз;
үй ауласындағы қалқып кетуі мүмкін заттарды сарайға көшіріп, терезелер мен есіктерді жауып кетіңіз;
қажет болуы мүмкін жүзу құралдары – автокөлік камерасы, құтқару шеңбері, арқан, баспалдақтарды дайындаңыз;
пластикалық бөтелкелерден, үрмелі жастықтар мен төсеніштерден құтқару құралдарын дайындаңыз;
белгі беру құралдарын (қол шамы, керосинді лампа және керосин қоры, майшам, жалау жасау үшін ашық түсті матаның қиындысы) артық сіріңкелерді дайындаңыз;
қажет болған жағдайда ауылшаруашылық малдарын көшіруге болатын биік жерлерді анықтаңыз;
жергілікті атқарушы органдардан, соның ішінде теле- және радио каналдардан берілетін нұсқауларды күтіңіз;
көшіруге дайындалу туралы хабар кезінде құжаттарды, жылы киімдерді , дәрі-дәрмек, пайдалануға дайын азық-түлік қорларын жинаңыз;
үйіңізден кетер алдында электр жүйесін, газды ажыратып, жылу пешіндегі отты сөндіріңіз;
көктемгі мезгілде өзен, көл бетіндегі мұздың үстімен көлікпен, атпен, кей жағдайда жаяу өту де қауіпті, мұз бұзылып кетіп суға кетуіңіз әбден мүмкін;
өзен, суларды кез-келген, әсіресе өзіңізге белгісіз жерлерден кешіп өту де қауіпті;
су тасқыны кезінде жас балалардың өзен жағасында, шұңқырлар, терең арық, тағы да сол сияқты жерлерде ойнауына тыйым салыңыздар;
су деңгейі түскенше балық аулауды да тоқтата тұру керек.
Ырғыз ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі