Табиғи ресурстар

ТАБИҒАТЫ
Жер бедері. Қазақстандағы бүкіл жер беті оңтүстіктен солтүстіктен қарай еңіс тартса, Ырғыз ауданының аумағы керісінше солтүстіктен оңтүстікте қарай еңіс келеді. Басты өзендер - Ырғыз бен Торғайдың терістіктен оңтүстікке қарай аққан ағын суы Құрдымға құйып, жер бедерінің сан ғасырлық түзілуін, қайталанбас табиғатының қалыптасуын қамтамасыз еткен.
Аудан жері жер бедерінің сипатына қарай геоморфологиялық тұрғыдан 2 ауданға бөлінеді. Оның біріншісі, Мұғалжар тауының сілемдері, теңіз деңгейінен 200-250 м биіктікте жатқан бұл жайпақ үстірттер Ырғыз өзенінің оң жақ сағаларымен енсіз, терең алқаптарға тарамдалып, Сарыбастөбе (теңіз деңгейінен биіктігі 205 м), Мәні әулие (211,8 м), Темірастау (241,3 м), Сарысай (275,4 м), Бөкенбай шоқысы (240,3 м), Суық бет (240,5 м), Қабанқұлақ (213,1 м) биіктері бір-бірімен жалғасып Айырқызыл құмына тіреледі. Аталған сілемдер аудан аумағында 150 шақырымға созылып жатыр.
Ырғыз өзенінің сол жақ бөлігінен қарағанда мұнартып, созылып жатқан аласа тау жоталары алыстан көз арбайды. Іргесінде 4–5 шақырым жерде ағып жатқан Ырғыз өзенінің теңіз деңгейінен биіктігі 130,7 метр болса, Мәні әулие жотасының биіктігі 211,8 м.
Ырғыз өзенінің сол жағын жағалай орналасқан Төлебай (246,2 метр), Бесмола (225,2 метр), Бесоба (232,2 метр), Қызылқабақ (214,8 метр) биіктіктері мен жоғарыдағы аталған Ырғыз өзенінің оң жақ жағалауындағы үстірттерінің арасы бағзы заманда Ырғыз өзенінің арнасы 4-5 шақырымға жайылып ағып Шалқар теңізіне құйғанын аңғартып-ақ тұр.
Екінші морфологиялық аудан Торғай-Арал маңының төрткүл жазықтығы (Торғай үстірті) ауданның шығыс бөлігін алып жатыр. Ол солтүстіктегі Нұра биіктігінен (теңіз деңгейінен 200 м) басталып, Торғай-Ырғыз өзендері аяғында және Шалқар теңіз еңісіне (небәрі 50-70 метр) дейін созылады. Үстірттің рельефінде ондаған метр биіктігі бар тік жар, кейбір жерлері су арналары мен тілімдеген төрткүл биіктер болып келеді. Қараатозған (151,5 м), Нұра (166,4 м), Құланақ (160,2 м), Ақназар (160,1 м) Айырбидайық (140,7 м), Шалқар (184 м), Ақжар (183,4 м), Жанайшоқы (190,6 м), Сұңқарқия (191,5 м), Қосбүйрек (158,8 м), Жаманай (209,5 м), Мыңсай (180,2 м), Атанбас (193,3 м) шоқылары бір-бірімен тізбектеліп, 250 шақырымға созылып жайғасқан.
Үстірттің бетінде, әсіресе, Торғай, Ырғыз, Өлкейек өзендерінің аяқтарында және Арал маңының терістігінде бос сулы көп ойпаттар, сортаңдар мен тақырлар көп. Жазықтың оңтүстік бөлігі Арал маңы ойпатындағы биіктіктер 80-150 метр аралығында құбылады. Мұндағы алқаптарды көлемді құмдар алып жатыр. Солардың ішіндегі ең ірілері Айырқызыл, Нарқызыл, Жаманқұм, Тәуіп болып Аралдың Қарақұмымен жалғасады.
Планетамызда теңдесі жоқ табиғаттың ғажайып құбылысы – Жаманшың метеорит кратері осы Ырғыз жерінің еншісінде. Ғалымдардың болжамы бойынша мұнан 700 мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Сол он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700 м, диаметрі 5,5 шақырымға созылатын шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Осының нәтижесінде импактит, тектит (иргизит) породалары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр.
Мұнан миллиондаған жылдар бұрынғы Ырғыз даласында алып денелі хайуанаттар өмір сүрген. Осы ғажайыпқа қызыққан орыс геологтары К.К.Матвеев пен П.М.Василевский 1912-1916 жылдары Ырғыз аймағына зерттеулер жүргізіпті. К.К.Матвеев 1912 жылы осы өңірдің Шалқар теңіз (Құрдым) аймағындағы өзеннің жер қабатынан индрикотерий (сүт қоректілердің дүние жүзінде ішінара кездесетін алыбы) сүйегін тапқан. Ғылымдағы осы ғаламат оқиға туралы сол кездегі газет-журналдардың барлығы дерлік жазыпты. Өйткені, биіктігі бес метрдей, ұзындығы сегіз метрдей, бұл алып хайуанның әлемде теңдесі жоқ болатын. 1922 жылы 1-12 маусым аралығында Петроградта өткен бірінші Бүкілроссиялық геологиялық сьезде профессор А.А.Борисяк Ырғыздан табылған осы индрокотерий фаунасын жиналғандарға мақтанышпен көрсетіпті. Осындай бір алып хайуанаттың бірі 1979 жылы Ақши аулынан табылып, Ырғыз мұражайына тапсырылған мамонттың жілігі.
Су көздері. Бұл өлкені батысынан Ырғыз өзені, солтүстік–шығысынан Торғай өзені орап өтеді. Ырғыз өзені басын Мұғалжар тауының жотасы - Өтеш үстіртінен алып 440 шақырым оңтүстік–шығысқа ақса, Торғай өзені басын Ұлытаудан алып 150 шақырым солтүстік–батысқа құлайды да, одан оңтүстік–батысқа кілт бұрылып, шығысқа ағады. Осы екі өзен екі жүз километрден Ырғыз жерін басып өтіп, Тәуіп даласында тоғысып, әрі қарай бір арнамен Ырғыз–Торғай болып жұптаса Шалқар теңізіне (ел аузында Құрдым аталады) сарқылады. 136 үлкенді–кішілі салалар көктемде бар суын Ырғызға құйып, 31 мың шаршы шақырым алқапты суландырады.
Ырғыз бойы табиғаттың өзі жасаған кең саба су қоймасы. Өйткені, бұл өлкеде Ырғыз, Торғай өзендерінен басқа: Өлкейек, Телқара, Қарақай, Ащысай, Сарыөзек, Шоңқай, Талдысай аталатын ұзынды–қысқалы өзендер мен отыздан астам аумақты көлдер бар. Бұлардың ішінде ұзын ағатындары: Өлкейек, Қарақай, Телқара.
Өлкейек – Жантай, Толыбай өзендерінің қосылған сағасынан басталып, Нұра бойындағы Қызылкөлге құятын арасы 349 шақырымға созылатын, су шығатын алқабы 3600 шаршы шақырым құрайтын сулы өзен. Қарғын кезінде аңғары кей тұста 1 шақырымнан 3,5 шақырымға жетеді. Көктемгі қар суының тасқынынан кейін суы үзілген арналар қара суларға айналады.
Қарақай – Басқұдық жерінен басталып, Күшіккөлге құятын ұзындығы 146 шақырымға созылатын өзен. Көктемгі тасқында суын 3150 шаршы шақырым алқапқа жаяды. Құрғақшылық жылдары арнасы үзіліп, көп тұстары құрғап қалады. Алқабынан мол түсімді мал азығы дайындалады. Телқара ағысы 100 шақырымға созылатын, Ырғыз жерінен басталып, Торғай өзеніне құятын, 1400 шаршы шақырым су шығатын алқабы бар өзен. Кең жайылымы – алуан түрлі шөп өсетін шабындық.
Ырғыздың өзендері мен көлдерінің байлығы қамысты қопалық және әр түрлі балықтар. Осы байлығымен Байтақ, Қызылкөл, Бақшақкөл, Малайдар, Қармақкөл, Айыркөл, Алакөл, Жаркөл, Аманкөл, Жалаңаш көлдері Ырғыз жерінің даңқын асырған. Бір ғана Байтақкөлдің көлемі 47 шаршы шақырым, тереңдігі 3 метр. Көктемде Торғай өзенінен сабасын толтыратын сұлу көл. Көркемдігі көргендердің көңілінде қалатын Бөгенкөл – теңіз деңгейінен 52 метр биіктікте жатқан ағынды көл. Көктемде 12,5 шаршы шақырымға шалқып, төңірегіндегі ұсақ көлдермен тұтасады. Ырғыз елінің Байтақкөлден кейінгі мақтанышы – Қызылкөл. Бұл ұзындығы 11 шақырым, ені 6,2 шақырым, жалпы ауданы 14,6 шаршы шақырым ағынсыз, тұйық көл. Жағалауын белдеулеп шоқ-шоқ қамыс өседі.
Ырғыз су бассейніне 87 мың шаршы шақырым су қоры жинақталғанымен, оның біразы көктемде Шалқар теңізіне (Құрдымға) сіңеді. Құрдым табиғаттың артық су жинайтын алапат қоймасы тәрізді. Өйткені, ұзындығы 22,6 шақырым, ені 10,9 шақырым, тереңдігі 1,6 м, жалпы көлемі 30 шаршы шақырым құрайтын тұйық көлдің сабасы көктем мезгілінде де ешқашан суға толған емес.
Өсімдігі мен жануарлар дүниесі. Түр-тұқымына қарағанда ауданда өсімдік өте-мөте әр түрлі. Шөп бітіктігі негізінен екі түрмен сипатталады: далалықта – дақылдық, қуаң далада – жусанды өсімдіктер. Ауданда кездесетін түрі негізінен жусанды өсімдіктер. Олардың кейбіреулері мыналар: бидайық, қамыс құрақ, қоға, шағыр, көкпек, барқын, боздық, көде (еркек), алабота, қына, жантақ, түйе жапырақ, адыраспан, киік оты, жалбыз, қурай, есекмия, өлеңшөп, саңырауқұлақ, бүлдірген, жусан, шілік, қызғалдақ, жабайы тал, шеңгел, жыңғыл, тобылғы, изен.
Географиялық орналасуы мен ландшафты-климат жағдайының әртүрлілігінен аудан жерінде аң-құстың түрлері де сан алуан. Өңірде сүт қоректілердің 42, құстардың 250 және балықтың 11 түрі кездеседі. Ауданда кездесетін жануарлар: жабайы шошқа, ақбөкен, бұлан, елік, шибөрі, қасқыр, шағыл мысығы, қамыс мысығы, қарсақ, түлкі, борсық, ақкіс, сасық күзен, су егеуқұйрығы, ондатр, саршұнақ, құмқоян, орқоян, аққоян, аламан. Бұлардың ішінде шағыл мысығы мен қызыл қасқыр ҚР «Қызыл кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған. Жабайы шошқа қамыс-құрақты қопалары бар ірі су арналарын, тоғайларды мекендейді. Саны әжептәуір – 600-ге дейін барады, лицензия бойынша әуесқой аңшылық объектісі болып табылады. Тұяқтылар ішіндегі ең көп тарағаны киік. Ырғыз жерінде олар жаз айларында кездеседі, қысты үстірт жазығында, Байғанин және Шалқар аудандары өңірінде өткізеді. Қыс қатаң болса, одан әрі оңтүстікке көшеді. Бұрын киікті аулау аңшылық кәсіп болып, онымен мемлекеттік аңшылық шаруашылығы айналысқан болатын. Құм қояны да негізінен әуесқой аңшылық объектісі.
Өңірде құстың түрі көптеп кездеседі. Оның 35 түрі ұя салады, қалғандары қайту, келу маусымда кездесетіндер. Құс түрлерінің көпшілігі тұрақты және кеңінен таралған. Ырғыз өңірінде мекендейтін кейбір құстар: сұрқаз, шаңқылдаққаз, от үйрек, даурықпа шүрегей, қызылтұмсық сүңгуір, барылдауық үйрек, сарыайдар үйрек, бізқұйрық үйрек, жалпақтұмсық үйрек, сұр үйрек, ысылдақ шүрегей, үлкен суқұзғын, үлкен әупілдек, қызылбас сүңгуір, алакөз сүңгуір, айдарлы сүңгуір, қасқалдақ, шіл, бөдене, көкқұтан, тауқұдірет, жылқышы, қызғыш, үлкен шалшықшы, қараторғай, айдарлы үйрек, секпілтас бейнарық, дала шілі, көк кептер, күжіркей, шаушалшық, қасқа шалшықшы, үлкен шырғалақ, кіші шырғалақ, қарақаз, көкшіл көгершін, атшакөкек.
Құстардың 32 түрі сирек және жойылуға қалған санатқа жатқызылып, ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген. Олар: қызғылт бірқазан, бұйра бірқазан, кіші аққұтан, жалбағай, қарабай, қара дегелек немесе ләйлек, қоқиқаз, бидайық, реликті шағала, қара бауыр бұлдырық, балшықшы тұйғын, тұрымтай, үкі, бақалтақ қыран, сұңқылдақ аққу, кіші аққу, мәрмір шүрегей, қара тұрпан, ақбас үйрек, дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, аққұйрық тарғақ, тарғақ, орақ тұмсық, кіші шалшықшы, дала қыраны, қарақұс, ителгі, көкқұс. Кейбір түрлері «Қызыл кітапқа» енгізіліп, қорғау нәтижесінде олар көбеюде.