Спорт

Республикалық өнер фестивалі аясындағы ТҮЙЕ ПАЛУАН турнирі
ХХІІ «Аймақты әнмен тербетіп» республикалық өнер мерекесі аясындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақберген Садықов атындағы жүлде үшін қазақ күресінен өткізілген ТҮЙЕ ПАЛУАН турниріне барлығы 9 палуан қатысты. Турнирге Қызылорда облысының Арал ауданынан 2 балуан, Хромтау ауданынан 2 балуан, Әйтеке би ауданынан 1 балуан, Ырғыз ауданынан 4 балуан қатысты.
Түйе палуан турнирінің 3 орыны үшін Хромтау ауданынан келген Жәнібеков Исламбек пен жерлесіміз Қосмұратов Абылай күресіп, Абылайдың шеберлігі үстем болды.
Ал турнирдің бас жүлдесі үшін Арал ауданынан келген Абдуллаев Ержан мен Әйтеке би ауданының балуаны Сейтқалиев Айбек белдесті. Қазақ күресінен және дзюдодан спорт шебері атағын қорғаған Абдуллаев Ержан қарсыласынан басымдығын байқатып, ХХІІ «Аймақты әнмен тербетіп» республикалық өнер мерекесі аясындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақберген Садықов атындағы жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілген турнирдің ТҮЙЕ ПАЛУАНЫ атанды.
3 орын иегері Қосмұратов Абылайды спорт жанашыры, ардагер ұстаз Балданов Болат ағамыз арнайы дипломмен және 20000 теңге ақшалай сыйлықпен марапаттады.
2 орын иегері Әйтеке би ауданының балуаны Сейтқалиев Айбекті аудандық мәслихат хатшысы Қосаяқов Көптілеу Әбдірашұлы арнайы дипломмен және 30000 теңге ақшалай сыйлықпен марапаттады.
ХХІІ «Аймақты әнмен тербетіп» республикалық өнер мерекесі аясындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақберген Садықов атындағы жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілген турнирдің ТҮЙЕ ПАЛУАНЫ атанған Арал ауданының балуаны Абдуллаев Ержанды аудандық мәслихат депутаты, «МТС» өндірістік кооперативінің төрағасы Садықов Нақыпбай ағамыз арнайы куәлікпен, естелік кубокпен және 100000 теңге ақшалай сыйлықпен мапараттады.
ХХІІ «Аймақты әнмен тербетіп» республикалық өнер мерекесі аясындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақберген Садықов атындағы жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілген ТҮЙЕ ПАЛУАН турнирінің барлық жүлделеріне аудандық мәслихат депутаты, «МТС» өндірістік кооперативінің төрағасы Садықов Нақыпбай ағамыз демеушілік жасады.
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
«Туған жерім – нұрлы елім» атты Ақтөбе қаласындағы Ырғыз ауданының күндері аясында ұйымдастырылған спорттық шаралар туралы
1. Қазақ күресінен облыстық турнир
2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасындағы облыстық турнирге барлығы 37 балуан қатысты.
32 кг салмақтағы балуандар арасында 3 орынды Төлеубай Ақжол (Қарғалы), 2 орынды Өтеміс Расих (Ырғыз), 1 орынды Нұрлыбекұлы Саламат (Ырғыз) жеңіп алды.
35 кг салмақтағы балуандар арасында 3 орынды Асланбекұлы Нұрлыхан (Ырғыз), 2 орынды Қуаныш Жарбол (Ақтөбе), 1 орынды Ешмұханов Ерұлан (Ақтөбе) жеңіп алды.
38 кг салмақтағы балуандар арасында 3 орынды Құдайбергенов Ақсұңқар (Ақтөбе), 2 орынды Кенжеғали Нұргелді (Ақтөбе), 1 орынды Иманқұл Нұртай (Ырғыз) жеңіп алды.
42 кг салмақтағы балуандар арасында 3 орынды Орал Жасұланбек (Ырғыз), 2 орынды Сәдуақас Думан (Ақтөбе), 1 орынды Жолдасов Бексұлтан (Қарғалы) жеңіп алды.
+42 кг салмақтағы балуандар арасында 3 орынды Қанат Ислам (Ырғыз), 2 орынды Қожаберген Қуаныш (Ақтөбе), 1 орынды Жандосұлы Ерасыл (Ырғыз) жеңіп алды.
Гір көтеру жарысында
3 орынды 49 рет көтеріп Намазғұлов Мақсат (Ақтөбе)
2 орынды 55 рет көтеріп, Әбдірашев Альғафур (Ақтөбе)
1 орынды 60 рет көтеріп Қуандық Айбек (Ақтөбе) жеңіп алды.
Бұқа тартыс ойынында
3 орынды Мырзатаев Ерұлан (Ырғыз)
2 орынды Кетебаев Қуат (Ырғыз)
1 орынды Ембергенов Нұрлан (Ақтөбе) жеңіп алды.
Асық ату жарысында
3 орынды Қонақбай Нұрбек (Ырғыз)
2 орынды Нұршекенов Серік (Ырғыз)
1 орынды Қалитов Бақдәулет (Ырғыз) жеңіп алды.
Ләңгі тебу жарысында
3 орынды Сәуірбаев Айдос (Хобда)
2 орынды Таубаев Нұрғали (Ақтөбе)
1 орынды Дәрігер Еркебұлан (Хобда) жеңіп алды.
Барлық жарыстардың жеңімпаздары Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан дайындалған мадақтамалармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Марат ағаны еске алу турнирі
Жерлесіміз, дәрігер-журналист, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі МАРАТ СИСЕКЕНОВТІ еске алуға арналған футбол турнирі 7 қыркүйектен бастау алып 14 қыркүйекке дейін жалғасты.
Әуелі Ырғыз ауданының орталығынан шыққан 5 команда «ҰСТАЗ», «БІРЛІК», «ЖІГЕР», «СПОРТ», «НАУРЫЗ-СИМ» өзара тартысып, ең мықты екі команданы анықтасты. Басқаларынан артық ұпай жинаған «СПОРТ» пен «НАУРЫЗ-СИМ» командалары округтерден іріктелетін екі командамен ойнауға дайындалды.
Округтер арасындағы іріктеу ойындары 12 қыркүйек күні басталып, алты команданың ішінен Құмтоғай ауылдық округінің және Қызылжар ауылдық округінің командалары мықтылығын дәлелдеді. Жартылай финалдың жеребесі бойынша түскен «Құмтоғай» мен «СПОРТ», «Қызылжар» мен «Наурыз-СИМ» командалары жоғары деңгейде ойын өрнектерін көрсетті. Көрерменнің аузында «қызыл фурия» атанған Қызылжарлықтар өздерінің ойын шеберліктерінің қарсыласынан басым екендігін көрсетсе, «СПОРТ» командасы да Құмтоғайлықтарға есе жібермеді. Ақтық ойын нәтижесінде «Құмтоғай» командасы «Наурыз-СИМ» командасын ұтып, 3 орынды иеленді. Ал 2:0 есебімен Қызылжарлықтарды ұтқан «СПОРТ» командасы футбол турнирінің чемпионы атанды. Бір аптаға созылған дүбірлі дода керемет кезеңдерімен есте қалды. Әсіресе Құмтоғайлық спортшы Әуесхан Райымбектің футбол алаңының ортасынан теуіп, қарсыласының қақпасына гол салғанына көрермен қауым дән риза болды.
Марапаттау салтанатына Сисекенов Марат ағамыздың ұлы Дархан, қыздары Гүлнар мен ..........., Дархан ағамыздың достары келіп, жеңімпаздарды өзі қолдарымен марапаттады.
Футбол турнирінің жеңімпазы атанған «СПОРТ» командасына 300 000 теңге, екінші орынды иеленген Қызылжар командасына 200 000 теңге, үшінші орын алған Құмтоғай командасына 100 000 теңге, төртінші орын иеленген «Наурыз-СИМ» командасына 50 000 теңге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Футбол жарысының жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, әділ төрелік жасаған Сембайұлы Ерлан, Алмас Салық, Жолдыбай Серікбол, Рашид Абат, Садриев Самұрат, Өтегенов Мейірбек, Бандурин Мұстафа есімді төрешілерге алғыс жарияланып, Сисекеновтер әулетінің атынан әр төреші 20 000 теңгемен марапатталды.
«Ең үздік қақпашы» атағына өзінің ерекше стилімен қақпасын қорғай алған «Наурыз-СИМ» командасының қақпашысы Сисембаев Жеңісбек, «Ең үздік қорғаушы» атағына командасын әр сәт сайын серпілтіп, жанын шүберекке түйіп жүріп ойнаған Құмтоғай командасының қорғаушысы Құрмашев Жасұлан, «Ең үздік шабуылшы» атағына округ командасының талай додада чемпион атануына және аудан командасының облыста футболдан үшінші орын алуына себепші болған, өз ойын өрнегімен көзге түсіп, қарсыластарының қақпасына допты қарша боратқан Қызылжар командасының шабуылшы Омарғалиев Еркін лайық деп танылып, арнайы мадақтамалармен және 20 000 теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылар тарапынан Ырғыз ауданы орталығындағы 4 орта мектепке, Ырғыз балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне «ADIDAS» фирмасының екі добынан тарту жасалды.
Футбол турнирінде ойын өрнегін көрсеткен барлық спортшылар Сисекенов Марат ағаның құрметіне берілген асқа қатысты.
Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айтқұлов Қайрат Қуанышұлы
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
24.09.2014
20.08.2014 СПОРТ КҮНІ
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
04.12.2013
Салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғам дамуының ең басты көрсеткіштерінің бірі. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Сондықтан да, ұрпақ тәрбиесінде салауаттылықты қалыптастырудың әрдайым маңызы зор.
Қараша айының 15-16 күндері аудан орталығындағы «Жігер» спорт кешенінде «Нашақорлықтың алдын алуға – күресті күшейту» аймақтық бағдарламасы аясында «Жастар нашақорлыққа қарсы» атты мектеп оқушылары арасында футболдан аудан біріншілігі өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан прокуроры З.Жанғалиев: - Жастар еліміздің болашағы. Олардың дені сау, білімді азамат болуы әрине, өз қолдарында. Бос уақытты тиімді пайдаланып, қоғамның белсенді мүшесі болуға әр жас буын ұмтылуы қажет. Бүгінгі өткізіліп отырған шараның маңыздылығы да сонда. Спорт жаныңды сергітіп қана қоймай, тән тазалығының да дәнекершісі, - деп жарысқа қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
Аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен бұл жарысқа Ырғыз, Аманкөл, Қызылжар және Тәуіп ауылдық округтерінен 9-11 сынып оқушылары қатысып, өзара сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша алғашқы төрттіктен көрінген командалар ақшалай сыйлық және грамоталармен марапатталды.
Ауданымыздағы тоғызқұмалақтан алғаш негізін қалаушы Жанат Малдықұлов атындағы ауданаралық ашық турнир биыл да жалғасын тапты. Екі жыл қатарынан аудан орталығында ұйымдастырылған бұл шара биыл Қызылжар селолық округінің орталығы Құрлыс ауылында өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Шахин спортшыларға сәттілік тілесе, Жанаттың ұстазы, ауыл ақсақалы К.Ешімов батасын берді. Ал, облыстан келген бас төреші Ғ.Нұршин болса жарыстың өткізілу тәртібін түсіндіріп өтті.
Бұл бәсекеде Ақтөбе қаласынан келген тоғызқұмалақшылармен бірге Мәртөк, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарының спортшылары жарыс көрігін қыздырды. 1999-2000, 2001-2002, 2003-2004 жылы туған, сонымен қатар 1998 жылы туған және одан жоғары бір ұл, бір қыздан қатысқан командалар тоғызқұмалақ тақтасында ұпай жоғалтпауға тырысты. Сөйтіп толық бір күнге созылған шарада жеңген спортшылар қуанып жатса, ұпай жоғалтқандары бармақ тістеп, өкініп қалды. Бірақ, жеңіліссіз, қателіксіз қара үзу мүмкін емесі тағы белгілі...
Жанат Малдықұлов атындағы ауданаралық ашық турнирде негізінен Ақтөбе қаласынан келген тоғызқұмалақшылардың бәсі жоғары болды. Олардың көпшілігі алдыңғы орындарды ешкімге бермеді. Ал, біздің ауданнан 2003-2004 жылы туған спортшылардың арасында А.Мұхаммедрахым бірінші орын алып, баршамызды қуантты. Сондай-ақ, 2001-2002 жылы туған қыздар арасындағы тартыста Қарақұдық ауылының оқушысы Г.Санымбай үшінші орыннан көріне білді.
Жарыстың жабылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі М.Дуанбеков жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, келген қонақтарға алғыс айтты. Сонымен қатар Қызылжар селолық округінің әкімі Қ.Төкешовтің, жарыс иесі Ж.Малдықұловтың лебіздері осы арнада өрбіді.
Жүлдегерлердің мойындарына медальдар тағылып, барлығына бағалы сыйлықтар берілді. Жарыс иесі Жанат Малдықұлов бұл шараға демеушілік танытқан аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Жүсіпке, Б.Алманов атындағы орта мектептің директоры Қ.Әбеновке және басқа да ағайын-туыс, жанашыр достарға алғысын білдірді.
---------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
16.07.2013
БЕЛШЕРДЕГІ СПАРТАКИАДА
26.07.2013
11.09.2013
---------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
12.02.2013
Ауыл спорты: күнгей мен көлеңке
Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ортасына үлгі болу әркімнің міндеті. Спортшы болмай-ақ қой, бірақ, өз денсаулығың үшін спортпен айналысу бүгінгі күннің талабы. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында да халықтың денсаулығына баса назар аударылып, осы мақсатта міндеттер жүктеліп, игілікті істер атқарылуда.
Біздің аудан көлеміндегі спортты дамытуда жақсы істер жылдан-жылға жалғасын табуда. Осы тұста аудан орталығындағы Ырғыз балалар жасөспірімдер спорт мектебінің мектеп оқушыларын спортқа баулуда атқарып жатқан жұмыстары айтуға тұрарлық. Қазіргі күні қазақша күрес, еркін күрес, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, бокс үйірмелері бойынша жұмыс жасап жатқан мектеп шәкірттері республика, облыс көлемінде көзге көрініп жүр. Сонымен қатар, ауыл азаматтарының қолдауымен жаңадан күрес, бокс залдары салынып, шәкірттер игілігін көруде. Материалдық базасы да жаңарып, заманауи спорт құралдарымен толығуда. Жуырда мектеп базасы спорттық жаттығу құралдарымен толықты. Сонымен қатар, спорт мектебінің ауылдарда да филиалдары жұмыс жасайды. Әрине, спортты дамытудағы мұндай жетістіктеріміз көңіл қуантады.
Дегенмен де, көлеңкелі тұстарымыз да жетерлік. Мәселен, осылардың тасасында қысқы спорт түрлерінің кенжелеп қалуы кім-кімге де ой саларлық. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің спорт залынан ұзын саны оннан аса ескі шаңғыдан басқа ештеңе көзге түспеді. Бұл мектепте де спорттық құралдар алуға қаржы қолбайлау болып отыр. Ұстаздар өз қалталарынан қаржы жинап, бастауыш сынып оқушыларына 15 коньки сатып алса, енді шаңғы сатып алуға қамдануда екен. Сондай-ақ, осы мектептің иелігіндегі «Тайбурыл-66» шағын алаңының да бүгінгі жағдайы мәз емес. Бұл шағын алаңды 2003 жылы 1966 жылы туған түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толу құрметіне сыйға тартқаны жұртшылыққа мәлім. Алғашында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қасында орналасқан алаң «Жігер» спорт кешенінің маңайына көшірілгеннен кейін мүлдем қараусыз қалды десе де болғандай. Қазір қаңырап бос тұрған алаңмен ешкімнің шаруасы жоқ. Мектеп басшылығының айтуынша, қазіргі күні алаңның құжаттары жасақталып, Балалар жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне беру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда оқушысы санынан алдыңғы қатарда сегіз дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар мектептің шағын алаңды пайдаға жарата алмағаны қынжылтарлық жағдай. Осындай көріністерден кейін өткенге көз жібермеске болмады. Тоқсаныншы жылдарға дейін аудан көлеміндегі барлық мектептерде шаңғы базасы болды. Ал, қыс мезгілінде конькиден мектептер арасында «Алтын шайба» жарысы ұйымдастырылатын. Сонымен қатар, ұстаздар өздері бас болып оқушылармен бірге өзеннің бетін қардан тазартып, ойын алаңын жасап, қысқы спорттың көркін қыздыратын.
Қазір жағдай басқаша. Басқасын айтпағанның өзінде, іргемізде тиіп тұрған өзеннің бетінің қарын күреп, мұз айдынын жасауға әлде ерінеміз, әлде артық іс көреміз. Сонымен қатар, мектептердегі дене тәрбиесі мұғалімдерінің міндетті сабақ кестесінен басқаға көңіл бөлмейтіндігінде ме? Оқушы ұстазға қарап бой түзейді. Осы орайда мектеп оқушысының не нәрсеге де ынтасы ұстазына байланысты. Соңыңа ертіп, ұйымдастыра білсең бітпейтін іс жоқ. Кейінгі жылдардағы аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің спорт саласына жауапты маманның жұмысын өзге мамандық иелерінің атқаруы да өз кезегінде кері әсерін тигізері анық. Балалар теледидар мен ғаламтордың жетегінде кетті деп жазғыру бүгінгі күннің басты тақырыбына айналғаны да жасырын емес. Бүгінгі біз әңгіме қылып отырған қысқы спорт осындайлардан құтылудың бірден-бір жолы. Дене еңбегі мен ой еңбегі ұштасса ғана, бала болашағының жарқын болары сөзсіз. Демек, сіз болып, біз болып мұндай қоғамдық мәселелерге көңіл бөлгеніміз жөн.
01.01.2013
Жаңа жыл қарсаңында ауданда бокс залы ашылды.Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі М.Дуанбеков туған елдің өсіп-өркендеуі жолында әр тараптан демеушілік танытқан барша азаматтарға алғыс сезімін жеткізіп, бірқатарын алғыс хаттармен марапаттады
Өткен жылы Ырғызда бірқатар нысандардың іске, пайдаланауға берілгені баршамыздың есімізде. Соның бір парасы - жыл аяғында аудан орталығындағы «Жігер» спорт кешенінің сол қапталында бой көтерген бокс залының іске қосылуы. Бұл ауқымды жоба облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы негізінде жүзеге асқан болатын. Сондықтан бұл нысанның құрылысына көптеген жерлестер өз үлестерін қосты.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі М.Дуанбеков туған елдің өсіп-өркендеуі жолында әр тараптан демеушілік танытқан барша азаматтарға алғыс сезімін жеткізіп, бірқатарын алғыс хаттармен марапаттады. «Наурыз-СИМ» ЖШС-нің төрағасы И.Сәрсенбаев демеушілердің атынан жүрекжарды лебізін білдіріп, жас боксшыларға сәттіліктер тіледі. Сөйтіп жаңа ғимараттың символикалық кілтін Ақтөбедегі ырғыздық азаматтар С.Қараманов пен М.Сәрсенбаев бокс жаттықтырушысы С.Шаяпов тапсырды. Сонымен бірге олар қаржылай және бокс залына қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Ата-аналар атынан сөз алған Ж.Сүлейменов бұл істі жүзеге асырған барлық азаматтарға рахметін айтты.
Аудан басшысы «Жыл адамы-2012» бірқатар азаматтардың есімдерін хабарлап, арнайы дипломдар тапсырды.
Мұнан өзге бірқатар мекеме басшылары қаржылай демеушілік көрсететіндерін жеткізді. Жаңа бокс залының лентасын аудан әкімі М.Дуанбеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Кенжебаев қиды.
Кең де жарық, ортасында шаршы алаңы бар бокс залында бірнеше жеткіншек жұдырықтасып жатыр екен. Кім біліпті болашақ Сәпиевтер осы жаңа ғимарат ішінен тәлім алып, Ырғыздың атын шығарып қалар. Лайым, солай болғай...