Ереже

Ырғыз ауданы әкімдігінің
2016 жылғы 16 тамыздағы
№160 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН
«Ырғыз ауданы әкімінің аппараты»
мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі – аудан әкімінің қызметін ақпараттық-талдама­­­лық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзгелей де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мынадай ведомстволары бар:
1) «Аманкөл ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
2) «Жайсаңбай ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
3) «Құмтоғай ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
4) «Қызылжар ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
5) «Нұра ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
6) «Тәуіп ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
7) «Ырғыз ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;
8) «Ырғыз аудандық ауылшаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
9) «Ырғыз аудандық ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
10) «Ырғыз аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
11) «Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
12) «Ырғыз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
13) «Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
14) «Ырғыз аудандық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
15) «Ырғыз аудандық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
16) «Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
17) «Ырғыз аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» мемлекеттік мекемесі.
18) «Ырғыз аудандық кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесі.
3. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Ырғыз ауданы әкімінің өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің орналасқан жері: индекс 030400, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылы, Алтынсарин көшесі №7.
10. Мемлекеттік органның толық атауы - «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
11.1.«Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы және басқару жөніндегі уәкілетті органы болып Ырғыз ауданының әкімдігі табылады.
12. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерінен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінен (сметасынан) жүзеге асырылады.
13. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі кәсіпкерлік субъектілерімен «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы:
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынаста аумақтың мүддесін қорғап, ауданда Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін орындауды қамтамасыз ету;
15. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің міндеттері:
-аудан әкімінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық, материалдық-техникалық және басқалай қамтамасыз ету;
16. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің функциялары:
-аудан әкімінің шешімдерінің, өкімдерінің, аудан әкімдігінің қаулыларының жобаларын әзірлеу;
-Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің, облыс және аудан әкімдерінің кесімдері мен тапсырмаларын орындау үрдісіндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру;
-Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің және облыс, аудан әкімдерінің кесімдері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау;
-облыс әкімі мен облыс әкімінің аппаратына Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдері мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат дайындау;
-аудан әкімдігінің алқа отырыстарын, аудан әкімі жанындағы кеңестерді әзірлеуді ұйымдастыру;
-аудан әкімінің облыс әкімімен, ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаттарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
-аудан әкімінің жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, саяси партиялармен және қозғалыстармен, басқа да қоғамдық бірлестіктермен іс-әрекетін үйлестіру;
-аудан әкіміне есеп беретін мемлекеттік органдардың құрылымын жетілдіру, құру, тарату және қайта ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
-аудан әкіміне есеп беретін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кадрларымен жұмысты ұйымдастыру;
-аудан әкімінің іс қағаздарын жүргізуді, хат-хабарларды өңдеуді, құжат айналымын және электронды құжат айналымын талдау;
-қызмет бабындағы құжаттарды, хаттарды, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру;
-аудан әкімінің және оның орынбасарларының қызметін қаржы- шаруашылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;
-аудан әкімінің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарына көрсетуді, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
-аудан әкімінің тапсырмасы бойынша оның мүдделерін соттарда білдіруді және қорғауды, прокурорлық назарға алу кесімдерін қарау;
-гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты қалыптастыру және іске асыру;
-терроризмге қарсы комиссиялар арқылы ауданның аумағында терроризм профилактикасы, сондай-ақ терроризм салдарларын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметті ұйымдастыру;
-сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу жөнінде жұмыстар жүргізу;
-аппаратқа заңнамамен жүктелген басқа да функциялар.
17. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құқықтары мен міндеттері:
-ауданның мемлекеттік мекемелерінен ақпараттық материалдарды сұратуға;
-аппараттың қарауына жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік және басқа ұйымдармен қызмет бабындағы хат алмасу жүргізуге;
-аудан әкімінің өкімдері мен шешімдерінің, аудан әкімдігінің жобаларына сараптама жасауды ұйымдастыруға;
-Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің және облыс, аудан әкімі кесімдері мен тапсырмаларының орындалуына тексеру жүргізуге қатысуға;
-аудан әкімі тағайындайтын немесе оның келісімімен тағайындалатын мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің және облыс, аудан әкімдерінің кесімдері мен тапсырмаларын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуге;
-аудан әкіміне есеп беретін мемлекеттік органдар алқаларының отырыстарына қатысуға;
-аудан әкіміне есеп беретін мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан қаралатын сұрақтар бойынша ақпарат сұратуға;
-заңға сәйкес басқа құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
18. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне басшылықты «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Ырғыз ауданы әкімі жүзеге асырады.
19. Ырғыз ауданы әкімін Ақтөбе облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Ырғыз ауданы әкімінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Ырғыз ауданы әкімінің өкілеттігі:
1.Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 33 бабының 1 тармағына сәйкес:
- мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң мүдделерiн бiлдiредi;
- облыс әкiмiне орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Президентi мен Yкiметi актiлерiн олардың орындауға қатысты бөлiгiндегi қызметi туралы ұсыныс енгiзуге құқылы;
- тиiстi адамдарды мемлекеттiк наградалармен марапаттау, оларға құрметтi және өзге де атақтар беру туралы облыс әкiмiне ұсыныс енгiзедi;
- аудандық мәслихатқа "Ауданның құрметті азаматы" атағын беруге ұсыныс енгізеді;
- мынадай лауазымды адамдарды:
жоғары тұрған уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша, шектi санын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтiн аудан әкiмiнiң орынбасарларын;
әкiм аппаратының қызметкерлерiн, сондай-ақ аудандық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады;
- азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қабылдайды;
- жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
- тиісті жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органды кәсіби емес медиаторлар тізілімін жүргізу үшін уәкілетті орган ретінде айқындайды;
- мектепке дейінгі ұйымдарға, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда), әлеуметтік-мәдени сала мекемелеріне материалдық-техникалық қамтамасыз етуде қолдау көрсетеді және жәрдемдеседі;
- салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi; - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымдары негізінде қалыптастырылған әкiмшілiк-аумақтық бірлікті басқару схемаларын тиiстi мәслихаттардың бекiтуiне енгiзедi;
- ведомствоаралық сипаттағы мәселелер жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органдардың дербес құрамын мәслихаттың бекiтуiне ұсынады;
- өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi жөнiндегi, азаматтық қорғау, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
- өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы мен дамуы үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасау жөнінде төмен тұрған әкімдердің жұмысын үйлестіреді;
- төмен тұрған әкімдердің қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 33 бабының 2, 4 тармақтарына сәйкес,
-Ырғыз ауданының әкiмiнiң құзырына Қазақстан Республикасының заңдарымен өзге де мәселелердi шешу жатқызылуы мүмкін.
-Ырғыз ауданының әкiмi өз құзыретiндегi мәселелер бойынша және аудандық әкiмдіктің құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi және облыс әкiмi алдында жауап бередi.
Ырғыз ауданының әкiмi болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Ырғыз ауданының әкімі өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
23. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Ырғыз ауданы әкімінің аппаратының басшысы басқарады.
4. Мемлекеттік органның мүлкi
24. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкін.
«Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
25. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
25.1. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік мүлкін басқару жөніндегі уәкілетті органы болып «Ырғыз аудандық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі табылады.
26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
27. «Ырғыз ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.