Мәдениет

Білім. Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 14 орта, 8 негізгі, 1 бастауыш мектеп, 13 мектепке дейінгі ұйым, 16 кіші орталық, 3 қосымша білім беру ұйымдары бар. Оларда 968 педагог кадр жұмыс жасайды. Жалпы орта білім беру мектептерінде 3197 оқушы, мектепке дейінгі ұйымдарда 1105 бала тәрбиеленіп жатыр.
Мәдениет. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 28 мәдениет мекемесі бар.
Ырғыз селосында «Арай» мәдениет үйі орталықтандырылған кітапхана, ауылдық балалар кітапханасы жұмыс жасайды.
Ырғыз селолық округіне қарасты: Ақши, Қалыбай, ауылдық клуб, кітапхана Қызылжар селолық округінде: «Мәні» ауылдық мәдениет үйі, ауылдық кітапхана, Нұра селолық округінде Нұра, Мамыр, Белшер ауылдық клуб, кітапханасы, Тәуіп селолық округінде: Тәуіп ауылдық клуб, кітапханасы, Жайсаңбай селолық округінде Жайсаңбай ауылдық клуб, кітапханасы, Аманкөл селолық округінде Құтикөл, Аманкөл ауылдық клуб, кітапханасы, Құмтоғай селолық округінде: Құмтоғай, Қарасай ауылдық клуб, кітапханасы, Қарақұдық ауылдық клубы жұмыс жасайды.
1997 жылдан бастап ауданымызда «Аймақты әнмен тербетіп» Ырғыз өнер мерекесі өтеді. Бұл мерекеге жыл сайын көршілес Қостанай облысының Жангелдин ауданы, Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандары, Жезқазған облысының ауданы, өз облысымыздың Шалқар, Әйтеке би аудандарынан талантты өнерпаздар қатысады.
Байқау эстрадалық әндер, күй, терме, би жанры бойынша өтеді.
«Мемлекеттік тіл - ұлт тірегі» облыстық тіл фестивалі аясында мамыр айында «Тіл дарын 2012» аудандық байқауы өтті. Бұл байқауға ауданымызда үш тілін (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген жастар қатысты. Негізгі мақсаты: Үш тілді жетік меңгерген қаблетті жастарды анықтау жіне қолдау. Тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Ырғыз ауданы бойынша өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындар тізбесі:
Кәсіпорындар атауы
Байланыс деректемелері
1.
Нан өнімдері
«Ақтан» ЖШС;Ырғыз селосы
2
Ауыз сумен
қамтамасыз ету
«Су шаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МҚКЫрғыз селосы
3
Жиһаз жасау
«ДОТС » ЖШС
Ырғыз селосы
4
Ауыл шаруашылығы
өнімдері
«Ақсақал Тәуіп » ЖШСҚұйлыс селосы
«Наурыз-СИМ» ЖШСЫрғыз селосы
«Жігер» ЖШСЫрғыз селосы
«Ырғыз береке» ЖШСЫрғыз селосы
«МТС» ӨКЫрғыз селосы
«Қаратал» ӨКАқши селосы
«Береке» ӨКЫрғыз селосы
«Өркен» ӨКЫрғыз селосы
«ТГК Тұлпар» ЖШСЫрғыз селосы
«Барс-62» ЖШСҚұрлыс селосы
«Алтын-Әсел» ЖШСҚұмтоғай селосы
«Бірлестік» ӨКҚалыбай селосы
«Қасымхан » ЖШСЫрғыз селосы
«Дәулет» ЖШСҚұтикөл селосы
«АгроОдақ» ЖШСЫрғыз селосы
«Елшіхан» ЖШСЫрғыз селосы
«Қасымхан » ЖШСЫрғыз селосы
«Дәулет» ЖШСЫрғыз селосы
ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕР
Ата-бабаларымыздан бізге мирас болған бай мұралары – туған өлкеміздегі әрқайсысы бір ғасырдың жүгін көтеріп, уақытқа сынын алдырса да сырын сақтап тұрған тарихи-мәдени ескерткіштер, қорымдар шебер бабаларымыздың, Ырғыз өңіріндегі халқымыздың ғасырлар ағымындағы тарихының тірі куәсіндей болған ескерткіштер Жаныс мавзолейі, Жапақ, Назар, Алмат, Байғабыл, Тоқсанбай тамы тамдары, Исатай, Дүйсенбі мешіттері, Омар бейіті, Мәні әулие, Хан моласы қорымдары, Нұрадағы тақта көпір, Маңтөбедегі белгі т.б. бұрынғы өмірлердің тілсіз куәгері екені анық.
Бар тірлігі малға негізделіп, үнемі жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрген ата-бабамыз басқа жұрттардай соңдарына топтап ескерткіштер қалдырмағаны белгілі. Бірақ мешіттер мен ғибадатханаларды және қайтыс болған адам аруағын қастерлей білетін халқымыз қорымдар мен бейіттерді аймақтық ерекшеліктері бар сәулеттік өнермен нақыштаған.
Біздің өлкемізде ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында тұрғызылған сәулет өнері мен тас қалау шеберлігін айқын бейнелейтін ескерткіштердің біразы кездеседі. Ескерткіштерге табиғи тастан бастап, қам кірпіш, күйдірілген кірпіш, әк тас, құм тас, жұмсақ ұлу тас, қиылып салынатын плита тастар кеңінен пайдаланылған.
Халықтық сәулет өнерінің айқын ерекшелігі – күмбезді мазар құрылыстары болып табылады. Олар: Жаныс, Байғабыл, Назар, Кепер, Омар, Алмат және басқа да мазарлар. Бұларға тән ерекшелік көбіне бір үлгідегі кірпішті пайдаланып, өзіне тән қырлы барабан, күмбез тәрізді көркемдік табу. Бұл ескерткіштерді жасауға Мейірбек, қаракесек руынан Ырыш, Жыға сияқты қазақтың шеберлері қатысқан.
Халық даналығының бір сарасы - өз жеріндегі табиғи өнімді құрылыс ісіне шебер пайдалану. Жер қойнауынан алынған тобылғы, ши, шағыр, саз, талшыбық сияқты табиғи заттар біріншіден ұзақ тұрады, екіншіден тозығы жеткен кезде жер өз қабатына өгейсімей сіңіре алатынын ескерген. Мысалы, Нұрадағы Құлты батырдың кесенесі тобылғының түбірлерін саз балшықпен жымдастыра қалау арқылы, ал Тәуіптегі Бөбенемнің қабірін шағырдың түбірінен, ал Исатай, Дүйсенбі мешіті, Байғабыл тамын «биенің сүті мен жылқының қылын араластырып илеп» саздан сомдағанын айтушы кісілер бар. Осы кесенелердің бүгінгі күнге жетуінің сыры да осыда шығар.
Табиғи тастан қаланған Мәні әулие қорымы – қайталанбас дара алып дүние ретінде ерекшеленеді. Еш сылақсыз әр түрлі тастардан қаланған тас қорғандар үлкенді – кішілі, кейбіреулері бөлек-бөлек тұрса, кейбіреулері ширатылып 5-6-сы бір қоршалған. Бұл жерде қырғын соғыс құрбандары жерленген деуге дәлелдер – қатар-қатар тастардан қаланған бейіттердегі рулар таңбалары. Тас қорғандардың сыртынан көз жіберсеңіз, туған өлке тарихының өшпейтін бір парағы осы жерде ашылмай жатқандай.
Он жасынан әділ би атанған атақты Жаныс Сығайұлын халық жақсы біледі. Жаныс би тамы – Ырғыз өңіріндегі ерекше сәулет өнерінің бірі. Қабырғасы күйген кірпіштен төртбұрышталып қаланып, жоғары күмбезге дейін дөңгелене өрілген. Іргесінен бастап, төбесіне дейін жеті сатылап, жеті түрлі өнерлі қалаумен жүргізілген. Ішкі қабырғасына өру арқылы әртүрлі өрнек салынған жәнетөртбұрыш тақта сияқтыларға дөңгелек гүл тәрізді өрнектің қайталанып бүкіл шеңберге берілуі керемет үйлесімін тапқан. Ішкі қабырғасы майда шөп қосылып сазбен сыланған. Сылақтың тегістігі сондай, сипап қарағанда бір бұдыр сезілмейді.Жаныс тамы бұл өңірдегі аумағы үлкен күрделі құрылыс.
Осындай сәулет өнерінің тағы бір қайталанбас түрі – Тоқсанбай тамы. Тамның көлемі – 12 қанат киіз үйге ұқсаған және бірыңғай қам кесектен іргесі жерден қаланып, керегеше дөңгеленіп, әрі қарай уықша иіліп, шаңырақпен жалғасып біткен. Шеңбер кереге сыртынан үш жағынан мықты тіреу ретінде қосымша қаланған тамның қабырғасымен қоса шыққан. Ерекшелігі – кірпішінің түсі – ақ, бір ағашсыз, бір темірсіз шеңбер қабырғадан иіліп, қалау арқылы шешілген. Ақ кірпіштер сол тұрған жердегі ақ топырақтан дайындалған.
Байғабыл тамы да ұлттық сәулет өнерінің мәнерін сақтаған, ұқыптылық пен шеберлікті байқататын құрылыстардың бірі. Аумағы 10-12 қанат киіз үй көлеміндей қам кірпіштен салынып, сырты күйдіріліген қызыл кірпішпен қапталған. Бұрынғы қалпын көзбен көргендер ішкі өнерін толғанбай айта алмайды. Ішкі жағындағы әр түрлі бедерлер, дөңгелене созылып, басқұрға ұқсап, қабырғаны түгел қамтиды. Қиық-ойықшалар кірпіш қалау арқылы шығарылғандықтан ерекше сән беріп тұр. Осындай өнерлеп қалау жұмыстарын Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан Баптың атақты мавзолейлерінен көруге болады.
Ырғыздан 25 шақырым жердегі Алмат тамы – Орта Азия елдерінде сирек кездесетін алты күмбезді аса қадірлі ұлттық қазынаның бірегейі, Бұхара, Хиуа, Сыр өнерінің жалғасы секілді. Ол ертедегі гректер мен римдіктердің әулеттік пантеондық тәрізді көп бөлікті жер асты тәсілімен салынған. Салыну уақыты шамамен 1890-жылдар. Ғимараттың жер асты қабірлері орналасқан кеңістік күйген кірпіштен өрілген. Ал жердің бетіндегі биіктігі 20 метрден асатын жағы қыш кірпішпен өрілген. Қалың қабырғаның іші-сырты 11 түрлі күйген кірпішпен қапталған.
Біздің өлкемізде әйелдер мен қыздарға байланысты жер, су атаулары әулие қыздар кесенелері мен қабірлері баршылық.. Тас қала «Мәні қорымы», «Бөбене қабірі», «Мамыр қыз» кесенесі, «Көкқатын тамы» т.б. Әр тас қорымда өзіндік ерекше қасиеті мен ержүректілік, үлкен айбат пен тәкаппарлық тұнып тұрған құпия сырын мойындайсыз. Осындай халқы қадірлеген ару-қыз, әйел-аналар, сонау Томирис заманынан келе жатқан дәстүр екен.
Бұл күнде мыңдаған қазба, жүздеген сәулеттік т.б. ескерткіштерді қанша білеміз десек те, әлі білмейтініміз көп. Құлап, бүлініп кеткендерді айтпағанның өзінде, күнде көріп жүрген ескерткіштерге әлі мән бермей жүргенімізді мойындайық. Мысалы, бұрын әрбір уезде 30-дан астам ірілі-уақты мешіт болған. Олардың көпшілігі жаппай қиратылды, жоқ етіп жіберуге әліміз келмеген мешіттер күні бүгінге дейін жетті. Ырғыз уезінің бұрынғы жер көлемі мен халқы туралы деректерге сүйенсек, ХІХ ғасырдың аяғында қырық шақты мешіт үйлері балаларға дәріс берген екен. Ырғыздың өзінде 2 мешіт және 1 шіркеу үйі болған. Діни аса білімді Дамолда сияқты жандар мешітті ұстап, имандылық жолында адал еңбек етіпті. Кейін заман саясатына орай, мешіттер бұзылып тасталған. Қазірде мешіттердің бірнешеуінің ғана тозған жұрнағы бар. Солардың бірі - асылдың өзі - Исатай, Дүйсенбі мешіттері. Қалғандары тек қираған күйі төмпешік болып қалуда.
Ырғыздағы татар мешіті үйін, кітапхана үйі болып беріге дейін пайдаланып келген, қазір онда «Зерде» үйі орналасқан. Тәуіптегі Исатай мешіті ХХ ғасырдың басында халықтың қаржысымен тұрғызылған, әлі күнге дейін сақталып түрған сәулет өнерінің бірі. Конус тәрізді мұнарасы қызыл кірпіштен өріліп шығарылған. Мұнара басына кірпіштен өрілген айналма баспалдақ алып шығады. Осындай сәулет өнерінің бірі – Дүйсенбі мешіті. Төртбұрыш тәрізді солтүстік-шығыс бетінде 8 қырлы сүйрік мұнарасы бар, қабырғасы күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Қабырғаға терезелер және ойық бедерлер орналасқан. Мешіт құрылысының сәулетінде Еділ бойы халықтарына тән белгілер аңғарылады. Бұл мешіттер ауыл адамдарына, балаларға діни сауат берген, өздері көреген, діни сауатты, молда, ерекше қасиет иелері болған Исатай, Дүйсенбінің атымен аталып кеткен.
Ырғыз жеріндегі табиғи-тарихи сәулет ескерткіштерін зерттеу мақсатымен тарих ғылымының кандидаты Сұлтан Әжіғалиев бастаған экспедиция 1979-80 жылдары болып, тиісті құжаттар жасады. Әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін «Күйген қала» (Нұрада), «Жарбасы мешіті» (Өлкейек өзені бойында), «Қарабатыр тамы» (Нұра-Ырғыз трассасы бойында), «Төре қорымы» (Ақши аулынан 3 км жерде, құм арасында, құлыптастар ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басы) т.б. тарихи мәні зор ескерткіштер бар. Соның бірі Хан моласы қорымы (ХІХ ғасырдың ескерткіші) Өлкейек өзеніне Қабырға өзенінің Құяр сағасынан 4 км жерде. А.Левшиннің, Н.Рычковтың деректері бойынша бұл қорымда Кіші жүз ханы Әбілқайыр жерленген. Хан бейіті осы жер деп айту кім-кімге де қиын. Алайда, Әбілхайыр ханның қазақ халқының тағдырына байланысты батыл шешім қабылдаған орны, яғни тарихи құжатқа 1731 жылы 10 қазақнда қол қойылған жер – Ырғыздан 25 км шамада. Ол «Маңтөбе» деп аталған. Хан сүйегі осы жерде қалғаны рас немесе жоқ десек те, зерттеу жұмысы өз дәрежесінде жүргізілсе, жалпы қорымдарға деген көзқарас ұлттық дәстүр бойынша қастерленсе, ел тарихына қосылар қазына болар еді. Табиғаттың дүлей күшіне төтеп келе жатқан халық мұрасы сан ғасырды көктей өтіп, туған жер топырағын жамылған күйде талай сырды уақыт құрсағында сақтап, ұрпағының есі кіріп, елейтін мезгілін күтуде. Олар үлкен зерттеуді, қастерлеуді, сақтауды, қорғауды қажет етеді, бұл бәріміздің ұлағатты міндетіміз.
АЛМАТ ТАМЫ – 19-ғасырдың аяғында салынған сәулет өнері ескерткіші. Ырғыз ауданының оңтүстік шығысында 22 км жерде орналасқан. 1886-1988 жылдары халық шебері Жыға тұрғызған, көлемі 12,70 м х12,10 м, 7 бөлмелі. Комплекстік жобасы мен архитектурасы шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өрген. Солтүстік-батыс қабырғаларының оң жақ бұрышындағы кіретін есік, оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге аркалы ойықтар өтеді. Сыналай қалап, қосарлай шығарған аркалар өте әдемі көрінеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына арналған алты бөлмеде сағана бар. Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпіштен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен оны үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат ортадағы дөңгелек бөлменің ішінен де байқалады. Алматтың күрделі композициясы мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Мұнда бұрынғы мәйітті бөлменің бір бұрышына ығыстырады да орнына жаңа мәйіт қояды. Кесенені Тобабергенұлы тірі кезінде тұрғызған. Осында әкесі және жастай өлген бірнеше баласы жерленген. Басына құлыптастар қойылған қоршаулы қорым бар.
БӨКЕНБАЙ ШОҚЫСЫ - Ырғыздан Шалқарға қарай шығар жолда 60 шақырым жерде орналасқан, биіктігі 240 м қырат. Бөкенбай батырдың құрметіне аталған. Ырғыз өңіріндегі түрлі тарихи оқиғаларға қатысқан Бөкенбай батырдың аты халық арасында құрметпен айтылады. Сонымен бірге, Бөкенбай батыр Әбілхайыр ханның сенімді серігі, әрі Кіші жүз әскерінің сардары болған. Осы биік шоқы оның жаудың жағдайынан хабардар болып отыратын әскери қарауыл төбесі екен.
ДҮЙСЕНБІ АҺУН МЕШІТІ (1909-13, Ырғыз ауд. Жайсаңбай а.) - Жайсаңбай ауылының солтүстік-батысында 7 км жерде. Төртбұрыш тәрізді (9.60х24,20 м.), солтүстік-шығысында сегіз қырлы сүйрік мұнарасы бар, мұнара қаңылтырмен қапталған, биіктігі 19 м. Қабырғасы күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген. Дүйсенбі аһун Имашұлының басшылығымен халық қаржысына тұрғызылған. Мешітті салуға Орынбор және Уфа қалаларынан шеберлер қатысқан. Жергілікті халық Шөмекей руының тоқа аталығынан болуына қарамастан оның құрылысында Еділ бойы халықтарының ою-өрнектері салынған.
ЖАНЫС МАВЗОЛЕЙІ (ХІХ ғ. ескерткіш) - Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының оңтүстік-батысында 20 км жерде. Қабырғасының төменгі бөлігі 8 қырлы, жоғарғы бөлігі сағанаға ұқсас 8 және 41 қырлы барабан шеңбері түрінде қаланған. Күмбезі пирамида тәріздес сатылап қаланып аяқталған. Қабырғалары күйдірілген саз балшық араластырылып өрілген. Мазарды Әлімнің төртқара руының биі Жаныс көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Мазар аса көрікті жерге, өзге мазарларға ұқсамайтын шеберлік үлгісімен салынған. Жаныс би мазары қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейді...
ЖАПАҚ МАЗАРЫ (ХІХ ғ. ескерткіш) - Ырғыз ауданының Жайсаңбай ауылының шығысына қарай 7 км. жерде. Сыртқы шеңберінің диаметрі 8 кез. Қасбеті дөңгелек ғимаратты тең бөлікке бөліп тұр. Мұнара-күмбезшелер құрбандық орны тәрізді сыртқа қарайды. Мазардың ішкі бөлігінде төрт жер асты қабырларының үстінде сахна тәрізді тұғырлар орналасқан. Мазардың биіктігі 7,10 кез.
ИСАТАЙ МЕШІТІ - Жайсаңбай ауылының оңтүстік-шығысында 4 км. жерде. Төртбұрышты (10х19м), қабырғалары шикі кірпіштен өрілген. Исатай мешіті мұнарасының биіктігі 8,50 метр. Конус тәрізді мұнара басына кірпіштен өрілген айналма баспалдақпен көтерілуге болады. Мешіт діндар Исатай Сатыбалдыұлының басшылығымен халық қаржысына салынған.
КӨКҚАТЫН ТАМЫ. Бұрынғы Ырғыз уезі, Аманкөл болысының жерінде, Жалаңаш көлінің оңтүстік-шығысында орналасқан Көкқатын тамы деп аталатын кесене осы күнге дейін сақталған. Кесене XIX ғасырдың екінші жартысында тұрғызылса керек. Сейтқұлдың ұзағынан тарайтын Тілеп деген байдың екінші әйелі Рысбике шиеттей жас балаларымен жесір қалады. Әмеңгерлік жолмен сөз салғандардың ешқайсысына көнбеген әйел ауыл ақсақалдарының алқалы жиынына бірнеше рет түседі. Қайратына сенген әйел, ешкімге қосылғысы келмей, сөзіне құлақ аспаған жерде тентектік те көрсетеді. Ақыры алты ұлы өсіп-өніп алты ауыл болады. Шетінен айбатты, қарулы жігіттерді ел «алты көк» атайды. Аналары қартайып дүние салғанда, алты көктер анасына лайық там тұрғызыпты. Сөйтіп Көкқатын тамы аталыпты. Алты көктен атақты батыр, би, бай кісілер шыққан. Соның бірі - Тоқсанбай. Ол асқан бай болған. Ырғызға жақын жерде ақ кірпіштен өрілген Тоқсанбай тамы бар. Рысбике қажыр-қайратының арқасында дегеніне жеткендіктен бе, кім білсін, өз аты ұмыт болып, Көкқатын атанады.
АТА-ҚОЗЫ тамы атанып кеткен Коминтерн селосындағы қорымда «Ата-Қозы» мавзолей тамы бар. Бұл мавзолейге 150 жылдың шамасы болған. Шөмекейдің Ата-Қозы деген 25 жасында өлген батырына орнатылған күмбезді там. Биенің сүті мен жылқының қылын араластырып дайындалған материалдан салынған.
МАҢТӨБЕДЕГІ ЕСКЕРТКІШ. Ырғыз ауданы орталығынан 25 км жердегі Маңтөбе биігінде XVIII ғасырда Қазақстанның Ресейге қосылуы жайлы актіге қол қойылғаны белгілі. Сол тарихи оқиғаның 250 жылдығына байланысты. 1981 жылы осында ескерткіш-белгі орнатылды.
МӘНІ ҚОРЫМЫ (Мәні Әулие). Қызылжар селолық округінің территориясындағы Темірастау шыңының басындағы қорымның қай ғасырда қаланғаны белгісіз. Аңыз бойынша Мәні деген батыр қыз болған. Ол талай қол бастап қарсылас жауын ұдайы жеңіп отырған, кейін бір жорықта қаза тапқан. Оның жерленген жерін халық әулие тұтып «Мәні Әулие» деп атап кеткен. Қорымның аумағы 2-3 гектардай. Бұл қорым болашақта археологиялық зерттеуді қажет етеді. Бұл төбені Мәні әулие десе, төбе басында қаз-қатар тастардан қаланған қорымды Мәні әулие қорымы деп те атайды. Шеңбертал елді мекенінен батысқа қарай 7-шақырым жерде орналасқан тарихи ескерткіш. Қорымда тас қоршаулар, құлыптастар. Тұтас алғанда Батыс Қазақстандағы әртүрлі бейіт ескерткіштердің жиынтығы іспетті. Қаланған тамдардың қабырғасының биіктігі 1 метрге жетеді, кейбіреуінің төрт бұрышына әдейі тас қаланып, кәдімгі төрт құлақты там бейнесінде келтірсе, қайсібірінің қақ ортасында үйшік, сыпа тамдарға лайықтап шошақ төбе шығарылған. Негізінде мұнда тас қалаудың үлкен өнері жинақталған қабірден үлкен тастарға салынған ру белгілері көп. Табиғи үлкен қара тасқа салынған белгілерден үш жүздің ру таңбалары кездеседі. Бұл бейіттер өткен заманда туған жер үшін болған шайқастардың бірінде құрбан болған бабалардың бейіттері екені сөзсіз. Көне көз қариялардың айтуы бойынша патша әскеріне қарсы соғыста қаза тапқан Кенесары сарбаздарының патша әскерімен соғыса жүріп Ырғыз өзенінен кесіп өтіп Мұғалжарға, Ембіге дейін барғаны, кейін шегініп осы маңда болғаны белгілі. Бейіттер еш сылақсыз әр түрлі тастардан қаланған.
МҰҚАН ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ – Ырғыздан 121 шақырым жерде (Ырғыз бен Шетырғыз арасы) биік шоқының басына салынған. Есігінің алдына және ішіне араб әрпімен «Мұқан әулие» деп жазылған құлыптас қойылған. Әулиенің жатқан жері қызыл мақпалмен көмкерілген. Мұқан әулие 1600-1800 жылдары өмір сүрген көріпкел-әулие, түрлі ауруларға ем жасаған, соның ішінде бала көтермеген әйелдерге, ішкі құрылысы ауыратын барлық адамға жанына шипа болған. Халық басына барып, құран оқып, түнеген. Кесененің салынуына, белгі қойылуына, ас берілуіне жергілікті кәсіпкер, ырғыздық азамат Жақсылық Есболғанов үлкен еңбек сіңірген.
НАЗАР ТАМЫ (ХІХ ғ-дың аяғы-ХХ ғ. басында салынған) - Ырғыз ауданы, Құмтоғай селолық округінің солтүстік батысында 6 км. жерде орналасқан тарихи ескерткіш. Сегіз қырлы етіп салынған мазар, шикі кірпіштен өріліп, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған, күмбезделіп салынған. Ішкі беті саз балшықпен сыланып, ақталған. Қабырғада қызыл бояумен жазылған арабша таңбалар бар. Биіктігі 4 м.
ТАҚТАКӨПІР – 1860-жылдары патша үкіметінің Өлкейек өзенінің үстінен салғызған көпірі. Көпірдің тіреуі бетон құймаларынан, өзі темірді бір-біріне бекіту арқылы жасалынған. Сол замандағы пошта қатынасының маңызды жолының бойында орналасқан.
СҰҢҚАРҚИЯ - тарихи мәні бар биік шоқы Қозыкөш жерден көрініп, көркіне сүйінші сұрап тұратын қазақ рухының асқақ бір көрінісі былай деп сыр ағытады: Бір алып құс Әлеке ханның малбасы, дәулетінің құты санаған боз биенің құлынын жылда көтеріп әкетіп, шыңның басына апарып жейді екен. Хан әлгі құсты тірілей қолға түсірсем деп арман етеді. Бір күні Асанқайғының баласы Абат батыр қиядан көздеп, топшысынан атып ханға әкеліп береді. Абат батыр атып, құс тірі құлаған сол биікті ел Сұңқарқия деп атапты.
ҚОСБҮЙРЕК – тау. Ертеректе бүтін тау болған деседі. Қуғын сүргінге толы Құбақалмақ заманында осы өлкені қалмақтың ханы Әуірке басып алған. Оған қарсы күреске Абат батырдың жер қайысқан қолы шығады да оның әскері төбені айналып өтпей, тіке үстімен салады. Қалың қолдың ат тұяғы тауды ойып жібереді де екіге бөліп кетеді. Екіге бөлінген тау, алыстан қарағанда қос бүйрек сияқты болып қана көрінеді. Таудың атауы осыған байланысты қойылған.
ХАН МОЛАСЫ ҚОРЫМЫ (ХІХ ғасырдағы ескерткіші) - Ырғыз ауданы, Өлкейек өзеніне Қабырға өзенінің Құяр сағасынан 4 км жлерде. А.Левшиннің, Н.Рычковтың деректері бойынша бұл қорымда Кіші жүз ханы Әбілқайыр жерленген. Капитан Н.Рычковтың 1771 жылы «Қазақ даласына жорығының күнделік жазбаларында»: «Ханның зираты – күйдірілмеген кірпіштен қаланып, ақ балшықпен сыланған, төрт бұрышты кесене. Бұл ғимараттың батыс қабырғасында кең ашық кірме қалдырылған, мұның өзі салынған жайдың қақпасы іспетті. Тамның батысындағы есіктен кіргенде, бейіт ішіндегі шұңқырда кәдімгі киімімен адам жатыр. Қасында қылыш, садақ оғымен қойылған. Қазақтар бұл моланы әулие тұтады, әсіресе хан бейітінің аяқ жағына шыққан биік ағаш хан моласының әулиелігін тіптен көтерген...» деп сипаттайды. Қорым бірнеше құлыптастар мен төмпешіктен тұрады. Төмпешіктің көлемі 15х10, ондағы құлыптастар ақшыл көк мрамор тасқа ұқсас, жазуы араб әрпімен терілген, ал өрнектердің орналасуы әртүрлі. Биіктігі әртүрлі - 0,62-0,84 м. Бір ерекшелігі – параллелепипед–құлыптастар сыртқы түрімен Батыс Қазақстан қойтастарына, белгі-өрнектері оңтүстік үлгілеріне (түркістандық-сырдариялық) келеді. Бұл құлыптастар жерге көмілмеген, биіктігі көмуге келмейді. Тағы бір дәлелі Әбілхайыр ханның қазақ халқының тағдырына байланысты батыл шешім қабылдаған орны, яғни тарихи құжатқа 1731 жылы 10 қазанда қол қойылған жер – Ырғыздан 25 шақырым шамасында. Ол – Маңтөбе деп аталады.
ЫРҒЫЗДА АЗАМАТ СОҒЫСЫ ҚҰРБАНДАРЫНА ОРНАТЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ. Осында азамат соғысының (1918-1920) құрбандарына арнап, 1968 жылы қойылған ескерткіш. Кейін Жүргенов көшесінің бойындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп алаңына көшіріліп қойылды
ЫРҒЫЗДАҒЫ Ы.АЛТЫНСАРИН ЕСКЕРТКІШІ. Аудан орталығындағы орта мектептің алдында 1976 жылы Ы.Алтынсариннің бюст-ескерткіші орнатылды. Оны Алматының көркемсурет шеберханасы қоладан құйып жасады.
ЫРҒЫЗДАҒЫ Т.ЖҮРГЕНОВ ЕСКЕРТКІШІ. Қазақстан мен Орта Азия Республикаларының мемлеткет қайраткері Темірбек Жүргеновке 1986 жылы орнатылған ескерткіш. Оны белгілі мүсінші Х.Наурызбаев граниттен мүсіндеген.
ЖАМАНШЫҢ – Ырғыз селосынан оңтүстікке қарай 40 км қашықтықтағы шыңдар жотасы. Ғалымдардың болжамы бойынша мұнан миллион жыл шамасы бұрын осы жерге 36-40 млн тонналық космостық дене салмағы бар метеорит құлаған. Соның нәтижесінде он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан аумағы 5-6 км, тереңдігі 700 метрдей қазан шұңқыр, түскен жер төңкерілгеннен шыңдар пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Жарылыс толқынының, шектен тыс температура мен қысымның әсерінен жер қойнауындағы жыныстардың ауқымды бөлігі араласып, еріген және буланған. Осының нәтижесінде импактит, тектит породалары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр. Табылған импактиттерге - Жаманшың, тектиттерге - Ырғызит деген ғылыми атаулар қойылды және дүние жүзіне мәлім болды. Тектиттер тұңғыш рет осы жерден кездескен. Бұл айтылымдардың бәрін 1937-39, 1946, 1957, 1969, 1975-76, 1980, 1986-88, 1989 жылдарда жүргізілген ғылыми зерттеулерінде ғалымдар А.Яшин, В.Вохрамеев, Е.Бойцов, П.Плоренский, А.Дабажи, Р.Гриев, Д.Гарвин, Д.Шторнер өз тұжырымдамаларына енгізген. Ырғызит тектиті - ірілігі 2-3 мм-ден 2-3 см-ге дейін жететін тамшы, сопақ шар, иірілген көпіршік пішінді келген, күңгірт шыны тәрізді зат. Ырғызит басқа елдерден табылған тектиттерге ұқсас.
Жаманшың кратері