Жағырапия

Өңірдің картасы.
ЫРҒЫЗ АУДАНЫ
Географиялық орналасуы. Ырғыз ауданы Ақтөбе облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Солтүстік-шығысында Қостанай облысымен (ұзындығы 240 км), шығысында Қарағанды облысымен (170 км), оңтүстігінде Қызылорда облысының Арал ауданымен (140 км), оңтүстік-батысында Ақтөбе облысының Шалқар ауданымен (220 км), солтүстігінде Әйтеке би ауданымен (300 км) шектеседі. Ауданның сыртқы шекарасының жалпы ұзындығы 1070 км-ге созылады. Аудан аумағының шеткі нүктелері бойлық бойынша 600С 30´ – 600С 20´, ендік бойынша 470С 05´ – 490С 15´ аралығында орналасқан. Аудан жері 41,5 мың км2 аумақты қамтиды.
Халқы. Аудан құрамында 7 селолық округ, 20 елді мекен бар. Аудан орталығы – Ырғыз селосында 5492 адам тұрады.
Ырғыз ауданы халқының жалпы саны 14771 адам. Аудан тұрғындардың 99,8%-ын қазақтар құрайды.
Резерват. Ырғыз өңірінің табиғаты хайуанаттар мен өсімдіктер дүниесінің алуан түріне бай. Ауданда осындай орасан байлықтың сақталуына ерекше мән беріліп отыр.
Осы мақсатта 2007 жылы 14 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №109 қаулысымен «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі ашылды. Бұл жерде сулы–батпақты жерлер, құстардың тіршілік ету ортасы, Бетпақдалалық киіктер миграциясы мен қоректену ортасы бар, сондықтан резерваттың ашылуы үлкен ғылыми маңыздылыққа ие.
Бұл өңірлер шөлді және жартылай шөлді ландшафты аймаққа орналасқан. Резерват негізінен Ырғыз ауданы территориясында орналасқан, шығысында Қарағанды, солтүстігінде Қостанай, оңтүстігінде Қызылорда облыстарымен шектесетін 763549 га жерді алып жатыр.
Резерваттың ғылыми бөлімі үш түрлі бағытта жұмыстар жүргізеді. Олар: өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және көбейту, ғылыми-ақпараттық және мониторинг, экологиялық насихат және туризм бағыттары. Резерват территориясында ғылыми-зерттеу жұмыстары киіктердің миграциялық жолының картографиясын және олардың қыстақтарын енгізу және зерттеу, орнитологиялық зерттеулер, жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктердің, емдік өсімдіктердің санын алу және зерттеу мақсаттарында жүргізіледі.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты территориясында құстардың 250 түрі, оның ішінде 109 түрі сулы-сазды кешеннің өкілдері, жыртқыш құстардың 30 түрі кездеседі. Ареалы кішірейіп, жойылып кету қаупі бар құстардың 32 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Климаты. Аудан жері мұхиттар мен биік таулы жүйелерден алыста жатыр. Қыста аумақ Сібір антициклонының ықпалында болады. Жазда жылы, шөл даланың құрғақ субтропикалық ауасы кедергісіз еркін жетеді. Ауданда құрғақ континентальдық климат қалыптасқан. Аудан аумағында орташа жылдық температура 5,30 жылы.
Жылдың ең ыстық айы – шілде, бұл айдағы ауаның орташа температурасы 25,00. Тіркелген ең жоғары абсолюттік температура 440. Аудан аумағында жылдық орташа ылғал мөлшері 102-183 мм. Ауаның айлық неғұрлым төменгі орта температурасы қаңтар-ақпан айларында байқалады. Бұл айлардың орташа температурасы – 120-170. Температураның ауданда тіркелген төменгі абсолюттік шамасы -390-420 суықты көрсеткен.