Жұмыстар сараланып, мақсаттар айқындалды

Өткен жұмада аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйінің залында аудан әкімі М.Дуанбековтің «Ауданның 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы жылға арналған міндеттері мен бағыттары туралы» аудан тұрғындары алдындағы кезекті есебі тыңдалды.Жиналысқа облыс әкімінің орынбасары М.Тағымов, облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Мұхамбетпайызова қатысты. Сонымен қатар барлық селолық округтің әкімдері, мекеме басшылары барша тұрғындар осы жиналыстың куәсі болды.Аудан әкімінің баяндамасында өткен жылы атқарылған шаруалар сөз болды. Шынымен де мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуы, инфрақұрылымның жайы бес, он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда тәуір. Білім, денсаулық, мәдениет және басқа да салаларда ілгерлеушіліктер бар. Мұның барлығы аудан әкімінің баяндамасында нақты дәлелдермен, дәйекті сандармен көрініс тапты. Аудан әкімінің айтқан негізгі әңгімелерінде жұмыссыздықты жою және ауылшаруашылығын өркендету мәселелері қозғалды. – Мұны ел болып қолға алуымыз керек. Бүгінгі таңда аудан бойынша тек қана ауылшаруашылығы саласына (басқа мамандықтарды қоспағанда) 95 жұмыс күші жетіспейді. Бұл баршамызды ойландыру керек. Алдағы уақытта қажетті мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдау жүргізіле береді. Алайда, енді жаңадан мекеме немесе штат ашылмайтындығын ескерткім келеді. Сондықтан жастарымыз еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысу керек, - деді ол.
Мұнан соң жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Кенжебаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын білдіріп, облыс әкімінің орынбасарынан аудандық су шаруашылығы мекемесінің материалдық базасы үшін жаңа техникалардан жәрдем беруді өтінді. Ал, Құйлыс орта мектебінің директоры Э.Қарабаева облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылда жаңа білім ұясы бой көтеріп келе жатқандығын айтып, облыс, аудан басшыларына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар ол ауылдастарының аудан әкімінің баяндамасында айтылған Құйлыстағы көпірдің жайы алдағы уақыттарда шешімін табады деген үмітте отырғандарын білдірді. Мұнан соң жастар атынан сөйлеген Г.Тақашова басшылардан Жаныс би, Шеңбертал елді мекендеріне ауыз су құбырының тартылуына жәрдемдесуін сұрады.
Жарыссөздер аяқталған соң мінбеге көтерілген облыс әкімінің орынбасары М.Тағымов: - Қазіргі таңда аудан әкіміне облыс әкімі тарапынан төрт талап қойылып отыр. Оның біріншісі ел ішінде қоғамдық-саяси әлеуметтік тұрақтылықты сақтау. Әрине, сіздерде ауызбіршілік бар, татулық бар. Ал, екінші қойылған талап – ол ауданға, елді мекендерге инвестиция тарту. Бұл тұрғыда кәсіпкерлікті жандандыру қажет. Үшінші айтылған мәселе – жаңа жұмыс көздерін ашып, мал басын көбейту үшін жұмыстар жасалу керек. Яғни, ауылшаруашылығы саласы басты назарда болуы тиіс. Соңғы қойылған талапқа келер болсақ, салық түсімін көбейту үшін жоғарыда айтылған шаруалар ретімен жүзеге асуы қажет, - деді.
Облыс әкімінің орынбасары Елбасының Жолдауынан туындайтын Ырғыз ауданына қатысты мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, ол республика бойынша Ырғыз ауданы жайылымдық қой шаруашылығы «пилоттық» әдісі бойынша алдыңғы қатарда екенін айтты.
- Әлі де атқарылар шаруалар көп. Биылғы жылдың өзінде мемлекеттен ауылшаруашылығын қолдау мақсатында үш триллион теңге қаражат бөлінбек. Бұл дегеніңіз үлкен қаржы. Сондықтан мал басын асылдандырудан қашпаңыздар, қорықпаңыздар дегім келеді. Аға буын өкілдері жастарды кәсіпкерлікке баулып, еңбек етуге шақырыңыздар, - деген ол алдағы уақыттарда Ырғызда ауқымды жұмыстар жүргізіле беруі тиістігін айтты.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Мұхамбетпайызованың лебізі де, тілегі де осы арнада өрбіді. Ол өзінің бағдарламасында көрсетілген жобалардың іске асып жатқандығын сөз етті.
Сөйтіп аудан әкімінің кезекті есепті жиналысы осылай аяқталды. Атқарушы билік пен қарапайым халық жүзбе жүз кездесіп, өткенді сараптап, жоспарлы жұмыстарды талқылады.