Кешенді оқу-жаттығу болып өтті

Ақтөбе облысының басқару органдарын және азаматтық қорғау күштерін дайындау жөніндегі іс-шаралардың 2018-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес 2018 жылғы 2-4 мамыр күндері Ырғыз ауданы Ырғыз ауылында «Бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар туындағанда немесе қаупі төнгенде басқару органдарының, авариялық-құтқару қызметтері мен тұрғындардың іс-әрекеті» тақырыбында кешенді оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығуды өткізу мақсатында Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Қ.Қасым және бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі К.Турмагамбетов, бас маман, азаматтық қорғау майоры А.Арзымбетов және өзге де қызметкерлер келді.
Оқу-жаттығу барысында округ әкімдерімен, Азаматтық қорғау қызметтерінің бастықтарымен, эвакуациялау органдарының мүшелерімен, жедел әрекет ету жасақтарымен теориялық және практикалық сабақтар өткізілді. Барлық қызметтердің, ауылдық округтердің, комиссиялардың іс-құжаттарымен танысқан мамандар анықталған кемшіліктердің тез арада жойылуына көңіл бөлді.
Ырғыз ауылына зымыран бөліктерінің түсуі нәтижесінде сол жерге бірнеше тонна гептил төгілуі, Самара-Шымкент трассасының бойында автобус пен Камаз автокөлігінің соқтығысуы салдарынан улы заттардың жайылуы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өрт шығуы салдарынан ондағы адамдарды эвакуациялау және күйік шалған, иістен уланған адамдарға көмек көрсету, «Қолғанат» шаруа қожалығында ауыл шаруашылығы жануарлары мен өсімдіктерін залалсыздандыру және адамдарды жұқпалы аурулардан қорғау шаралары бойынша жаттығулар өткізіліп, барлық қызметтердың дайындығы тексерілді. Азаматтық қорғау қызметкерлерімен қатар тұрғындар да төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерге машықтанды.
Жеке құрам мен төтенше жағдайларды жоюға арналған техниканы қатыстырып өткізілген сап түзеуде азаматтық қорғау қызметтерінің материалдық жабдықталуына, қажетті техникамен толық қамтамасыз етілуіне ерекше мән берілді. Басқару органдары аудан әкімінің жылжымалы басқару пункті мен жабық басқару пунктінде жұмыс жүргізді.
Бұдан бөлек аудан орталығында орналасқан 2 эвакуациялық қабылдау пунктінің практика жүзінде адам қабылдау мүмкіндігі мен ерікті өрт сөндіру жасақтарының далалық өрттерді сөндіру тәжірибесі, төтенше жағдайлар бөлімі жанындағы ерікті судан құтқару топтарының жұмыс алгоритмі тексерілді.
Жалпы кешенді оқу-жаттығу қорытындылары бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің үйлесімді жұмыс жасауына бірқатар сындар айтылды. Қызметтердің өзара байланысын және штаб бастықтарымен жұмысын жетілдіру жөнінде ұсынымдар берілді.