Ырғыздың болашақ таланттары

Қай жиынға да қазылық жасау қиын, алайда балалар шығармашылығына баға беру қиынның қиыны. Талаптары таудай, таланттары әлі ашыла қоймаған бүлдіршіндер – биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалар арасында «Алғашқы қадам» атты сайыс өткізілді. Ұйымдастырушы – «Арай» Мәдениет үйінің басшылығы мен шығармашылық ұжымы.
«Баласы атқа шапса, тақымын қысатын» тілекшілер көп жиналыпты. Ата-ана, ұстаздардан басқа ата-әжелер де жүр.
Балалар шығармашылығын дамыту, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке үндеу, сахна мәдениетін үйретуге бағытталған сайыс төрт бөлімнен тұрды: өзін таныстыру, өнер көрсету, өз мектебі мен класын слайд арқылы таныстыру, экраннан көрсетілген суретті қағазда бейнелеп, бояу.
Сайысқа тоғыз мектептен он алты үміткер қатысты. Бірінші рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінге үлкен сахнаға шығу оңай болған жоқ. Дегенмен, сахнада өздерін еркін ұстағандары да, именіп, ұялшақтағандары да болды. Сайыс барысында бірден ерекшеленген бүлдіршіндер Ақбота Амантаева, Інжу Байманова, Заңғар Сарман, Ләзиза Нұрболатқызы, Нұрсүгір Жансеріктер болды. Ләзиза өзін әнмен таныстырса, Нұрсүгір өзін үш тілде- қазақша, орысша, ағылшынша таныстырып елді таң қалдырды.
Інжудің «Қарлығаш» биі әдемі шықты. Ақбота да күліп жүріп әдемі биледі. Тыныштықбай Нұргелдінің биі де жақсы болды, тек биге әуен дұрыс таңдалмаған. Ән айтқан балалармен де дұрыс жұмыс жасалмағаны байқалды. Жалпы әлде уақыт тығыз болды ма, әлде ертерек айтылмады ма, балалардың дайындықтары кемшіндеу көрінді. Аружанның көрінісінде Аружанның өзі көрінбей қалды.
Мектебі мен класын таныстыруда да балаларды дұрыс дайындалмағаны байқалды. Бірді-екеуі болмаса бірден игеріп кете алмады, шынымен уақыт тығыз болғанға ұқсайды.
Сонымен, сайыс өз мәресіне жетті. Сайысқа төрешілік жасаған қазылар да көп қиналды. Бірақ, бірден айта кетейік, ағайын-туыс, таныс-дос деген бұра тарту болған жоқ. Балалардың өнері мен еңбегіне қарай бағаланды.
Сайысты ұйымдастырушылар қатысушылардың бір де біреуінің сыйлықсыз қайтармады, бүлдіршіндердің бәрі дипломмен, ойыншықтармен марапатталды.
Сонымен сайысты қортындылау сәті де келіп жетті. Шулаған балаларын тыныштандырып, қортындыны күткен көрермен...
«Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Задагүл Бақыт, «Өнерлі бүлдіршін» номинациясы бойынша Кәусар Нұрпейіс, «Сүйкімді бүлдіршін» номинациясы бойынша Тыныштықбай Нұргелді марапатталды. Сондай –ақ үш үшінші орын, екі екінші орын тағайындалған болатын. Оларға ретінше, үшінші орынға Інжу Байманова, Ләзиза Нұрболатқызы, Еркенұр Маратқызы ие болды.
Екінші орын үдесінен Ақбота Амантаева мен Заңғар Сарман шыға білді. Бірінші орынды №1 қазақ орта мектебінің табалдырығын биыл аттаған Нұрсүгір Жансерік иеленді.
Жас талап кішкентай бүлдіршіндер сайысы туған жер төсінде таланттардың тағы бір шоғыры өсіп келе жатқанын дәлелдеді.
Шара Елеусіз,
қазылар алқасының мүшесі