«Айнагүл» алыстан асқақтайды

Ауданымызда кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл санап көбейіп келеді. Оның үстіне бұрынғыдай күлдібадам дүниелер емес, заманауи сапаға да көп көңіл бөлінеді. Қаладан қалысқысы келмейтін ырғыздық кәсіпкерлер көп шаруаны меңгере бастады. Тұтынушының талабына сай қызмет көрсетудің жаңа үлгілері бой көрсете бастады.
Осының айғағындай, жақында Самара-Шымкент тас жолының бойында тағы бір нысан пайда болды. Ырғызға белгілі Есболғановтар отбасының иелігіндегі «Айнагүл» дәмханасы шағын болатын. Ақтөбеде беделді қызметте болған Жанна Есболғанова ауылға ат басын бұрғалы да біраз жыл өтіпті. Қала көрген, бизнестің дәмін татқан Жанна көзге қораштау дәмханаға көңілі толмады. Әкеден қалған мұраның халыққа қызмет көрсетуін іштей армандайтын.
Жақында анасы Лиза Өтемәмбетова бас болып, бауырлары Анарбек пен Мұратбек, Анарбек пен Қалдыгүл, Жанна мен Надежда қостап сол үлкен мақсаттарына қол жеткізді. Көне дәмхананың жанынан үлкен ғимарат салынып, пайдалануға берілді.
Үлкен залдың бір жағы шығыстық стильде жасақталған болса, бір жағы- еуропалық стильде екен. Қымбат аспалы шамдары жарқырап, заманауи құрылыс материалдарынан бой көтерген дәмхана жұтынып тұр. Ас мәзірі де керемет.
Сондай-ақ жолаушыларға арналған шағын қоналқа үй, жуынатын себезгі, кір-қоңдарын жууға арналған бөлмеге дейін бар. Өз қарамағындағы қызметшілерінің бөлек бөлмелері бар. Қызметшілер демекші, осы жағы жетіспейтінін жеткізді Жанна Есболғанова.
Дәмхананың ашылу салтанатына аудан басшылары, кәсіпкерлер, Есболғановтар әулетінің ағайындары жиналды.
Алыстан асқақтай көрініп тұрған «Айнагүл» ел алғысына бөлене беретініне сенеміз.
«Ырғыз-ақпарат»