БЖЗҚ туралы 5 сұрақ?

Біз дәстүрлі «БЖЗҚ туралы 5 сұрақ» айдарын одан әрі жалғастырамыз. Сіздердің назарларыңызға осы айда келіп түскен қызықты да маңызды сұрақтар мен олардың жауаптарын ұсынамыз.
1. БЖЗҚ-дан үзінді-көшірме алдым. Сөйтсем, жұмыс беруші менің пайдама жарналар төлемепті. Не істеу керек?
Ең алдымен Сіз салық комитетіне өтініш жасауыңыз керек. Ол жұмыс берушіні тексеруді қолға алады. Нақты төлем жасалған және қызметкер кіріс алған жағдайда, агент уақтылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе оларды мерзімін өткізіп алған әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күнді қоса алғанда) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есебіне жазылған өсімпұлмен бірге, міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына, өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлердің пайдасына агенттер аударуға тиіс.
Мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайларда, мемлекеттік кіріс органдары мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақталып қалған берешек шегiндегi ақшаны агенттердiң банктік шоттарынан өндiрiп алуға құқылы.
Мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен агентке жiберiлетiн хабарлама негiзiнде жүргiзiледi.
Агент хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік кіріс органына өздерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының тізімдерін, сондай-ақ өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын жұмыскерлердің тізімдерін ұсынуға міндетті.
Агенттердiң банктік шоттарынан мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу мемлекеттік кіріс органының инкассолық өкiмi негiзiнде жүргiзiледi.
2. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің атына жасқа жеке зейнетақы шотын ашуға бола ма?
Еңбек кодексінің 30-бабына сәйкес он алты жасқа толғандарға еңбек шартын жасауға рұқсат етіледі. Бірақ, бұл ретте ата-ананың бірінің, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімі бойынша шартты бұған дейін де жасасуға болады.
15 жастан бастап жасөспірімге, егер ол негізгі орта білім алған болса, жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал 14 жастан бастап тек оқудан бөлек уақытта ғана жұмыс істеуге болады. Бұл ретте жұмыс оқу үдерісіне және денсаулыққа кері әсерін тигізбеуі керек.
Ал 14 жасқа дейінгі жеткіншектердің театрда ойнап, киноға түсулеріне болады. Бірақ, бұл жұмыстар да сабақтан тыс уақытта жүзеге асырылуы керек және баланың өнегелі дамуына және денсаулығына кері әсер етпеуі тиіс.
Еңбек шартына кәмелетке толмаған жасөспірім мен оның заңды өкілі де қол қоюы керек. Жұмыс беруші еңбек шартына сәйкес айлық жалақыны төлей отырып, кәмелетке толмаған жасөспірім үшін оның жеке зейнетақы шотына зейнетақы жарналарын да төлеуге міндетті. Зейнетақы Қорына кәмелетке толмаған тұлға келіп өтініш жасаған кезде міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі арызды рәсімдеу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) туу туралы куәлік және егер бар болса, кәмелетке толмаған тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы;
2) заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат;
3) ата-анасы болмаған кезде қамқоршылық/қорғаншылық тағайындалғанын растайтын құжаттың түпнұсқасы (қамқоршы тағайындалғаны туралы анықтама немесе баланы патронат тәрбиеге беру туралы шарт).
14 жасқа дейінгі тұлғаның өтінішіне оның заңды өкілі қол қояды. 14 жастан 18 жасқа дейінгі тұлғалардың өтініштеріне олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімі болса жеткілікті.
Міндетті зейнетақы жарналарын есеп алу үшін жеке зейнетақы шотын ашудан басқа, кәмелетке толмағандар БЖЗҚ-мен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады.
Жарналардың мөлшері, оларды аудару және қалыптасқан жинақтар есебінен төлемдер жасау тәртібі шарт тараптарының келісімі бойынша айқындалады.
3. Мен Қазақстан азаматымын, бірақ шетелдік компанияда қызмет атқарамын. Менің жұмыс берушім менің пайдама зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті ме?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 1 тармағына сәйкес
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары осы Заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша агенттердің төлеуіне жатады.
Бұл ретте Заңның 1-бабының 28) тармақшасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеу жөнiндегi агент - Қазақстан Республикасында қызметiн шетелдiк заңды тұлғалардың тұрақты мекемесi, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлғаларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналарын есептейтiн, ұстап қалатын (есебіне жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға болып табылады. Егер шетелдік компания Қазақстан аумағында орналасқан болса, сәйкесінше, агент Сіздің айлық табысыңыздан міндетті зейнетақы жарналарын ұстап, зейнетақы Қорына аударуға міндетті.
Бұл ретте халықаралық ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік мемлекеттердің диплдоматиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде қызмет атқаратын Қазақстан азаматтары міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша құқықтық қатынастарға қатыса отырып, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімен аударуға құқылы.
4. Естуімше, Қазақстан зейнетақы жүйесін реформалау барысында үлгіт ретінде Чилидің моделі алыныпты. Неге басқа ел емес, осы Чили таңдап алынған?
Әр елдегі зейнетақы реформасы демографиялық, мәдени, әлеуметтік, саяси, қаржылық ерекшеліктер мен мүмкіндіктер ескеріле отырып жүзеге асырылады. Мысалы, Чилидегі зейнетақы реформасының өзіндік сипатына келер болсақ, бұл елде «ұрпақтар ынтымақтастығына» негізделген зейнетақы алу құқығы мемлекет кепілдік беретін төлемдерге ауыстырылды және бір-бірімен бәсекелес бірнеше компанияда жұмыскерлерді міндетті жинақтаушы сақтандыру жүйесі енгізілді. Чилиден алынған негізгі үлгі, ол - зейнетақымен қамсыздандыру бойынша мемлекеттік ортақ жүйеден тиянақталған міндетті жарналары және ерікті зейнетақы жарналары бар жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Бұл ретте айта кететін жәйт, Чили моделі қаз-қалпында көшіріп алынған жоқ. Отандық мамандар ең үздік халықаралық тәжірибелерді алдымен терең зерттеп, жан-жақты талдайды. Тек содан кейін барып Қазақстанға енгізеді. Мысалы, жақын болашақта елімізде шартты-жинақтаушы құрамдауыш енгізіледі. Оған негіз ретінде Швеция моделі негізге алынып отыр.
5. Зейнетақы жинақтарының сақталуына Қазақстанда және әлем елдерінде қалай кепілдік берілген?
Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді. «Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Салымшы зейнеткерлік жасқа толған шақта, ең алдымен оның зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңі ескеріліп, зейнетақы шотындағы жинақтарының табыстылығы есептеледі. Егер табыстылық инфляциядан төмен болса, мемлекет республикалық бюджет есебінен инфляция мен табыстылық арасындағы айырма сомасын төлейді. Мінеки, осылайша салымшылардың жинақтары қаржы нарығындағы әр түрлі ахуалдарға қарамастан, сенімді қорғалған. Мұндай кепілдік басқа мемлекеттерде жоқ. Мысалы, Чехия, Жапония және Словакияда басқарушы компаниялар жарналардың атаулы құнының немесе инфляцияны ескермей нөлдік инвестициялық табыстылықтың сақталуына ғана кепілдік береді. Германияда зейнетақы қорлары енгізілген жарналарға қатысты зейнеткерлікке шығу күніне қарай 2,25 пайыздық мөлшерлемеге ғана кепілдік береді. Чилиде зейнетақы активтерін басқарушылар зейнетақы жинақтарының сақталуына таңдап алынған қор түріне қарай кепілдік береді. Бірақ зейнетақы жинақтарының көлемі өткен 36 ай ішіндегі орташа сараланған 2 пайыздық нақты табыстылық деңгейінен төмен болмайды. Ал Швеция, Австралия, Израиль, Норвегия, Мексика, Эстония елдерінде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік тіпті берілмейді.