Олар - форум қонақтары

«Туған жер» республикалық форумы қарсаңында Алматы қаласында тұратын Ырғыздан шыққан халқымыздың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпағы Қарабалин Сұңқар Болатұлымен сұхбаттасқан едік.
- Сұңқар Болатұлы, Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы елімізде көптеген істер атқарылуда. Осы мақала туралы пікіріңіз қандай?
С.Қарабалин: - Әрбір ел өткенінен сабақ алып, болашағына бағдар жасайды. Елбасының мақаласында өз басым еліміздің тағдыршешті қадамы анықтап, көрсетілген деп есептеймін. Жалпы ру, ел, адамзат сатысында да рухани жаңғыру – саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларға толықтыру емес, олардың өзегі. Адам баласы жаңа заманмен иық түйістіріп дамуы үшін ең бастысы өзінен, санасындағы таптаурын қағидаларды бұзуынан бастауы керек. Одан кейін ғана қоғамымыздың, еліміздің ортақ сана-сезімі қарыштап дамып, дамыған елдердің қатарынан орын алатыны сөзсіз. Бағдарлама-мақалада елдің дамуы сатылай көрсетілген, әрбір салада қандай істердің атқарылып, алдағы уақытта жасалар қандай қадамдардың күтіп тұрғанын нақты, әрбір бағдарламаның аты атала отырып, анық көрсетілген. Сондықтан, түйіскен қос дәуірдің арасындағы егемен еліміздің ендігі даму қарқынына салмақтай баға бере отырып, салиқалы бағыт берген мақаланың маңызы өте зор деп есептеймін.
-Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы туралы не айтасыз? Туған жер мен байланысыңыз қалай?
С.Қарабалин: - Туған жермен байланысым жайлы сұрақтан бастасам, осы Ырғызда тумасам да, тумаларым да, ата-тегім де, өз жұртым да осында. Атамыз - ірі мемлекет қайраткері, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Төрағасыболған Ұзақбай Құлымбетовтің есімін жаңғыртып жатқан киелі өлкеге құрметім шексіз. Мәселен, өзі туған Ырғызда, Ақтөбе мен Алматы қалаларында Құлымбетов атында көше бар. Мұнымен қатар, қазірде Ұзақбай Құлымбетовтің ізі қалған Ақтөбе қаласындағы орта мектепке оның есімін беріп, ескерткіш мүсінін алдына орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтып, қуантты. Мінекей, ауыл мұғалімінен өкімет басшысы қызметіне дейін көтеріліп, ел игілігі үшін еңбек еткен ірі мемлекет қайраткерінің атын ардақтаушы жұрты сол Ырғыздан.
Міне, енді сіздің қойған Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы жайлы сұраққа келдік. Дәл осындай игі істерді жүзеге асыруда мемлекеттің тарапынан басқару, бақылау қажет. «Туған жер» бағдарламасының мәнін Елбасы бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздеу деп түсіндірді. Осы бағдарламаның арқасында осындай Ырғыз сияқты туған жеріміздің даму жолы нақты көрсетіліп, тарихы мен мәдениетін қолдап-құрметтеудің үлгісі жасалып отыр.
- Қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыз? Алда қандай жоспарлар бар?
С.Қарабалин: - Қазіргі таңда республикаға кеңінен танымал Tengrinews.kz республикалық ақпарат порталы, Vesti.kz спорт сайты, жастарға арналған Massaget.kz сайты сияқты жобалармен айналысып жатырмын. Айта кетсем, бұл аталған басылымдардың барлығы да қазақ тілінде шығады. Халыққа өзекті жаңалықты өз уақытында беріп, спортқа баулып, жастардың таным көкжиегін кеңейтетін басылымдар.
- Қоғамдық сананы жаңғырту бағытында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе қаласында «Туған жер» республикалық форумы өткізілмек. Осыған Форумға Сіз де шақырылып отырсыз. Аталған форум жөнінде не айтасыз?
С.Қарабалин: - «Ақтөбе – құтты мекен» форумы біз жоғарыда айтқан Елбасының «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды көздейтін шаралардың бірі. Мұнда облыстың экономикалық өсуінің әлеуеттері, облыс тынысы сөз болады. Аймақтағы келелі мәселелер, шешусіз қалмауы тиіс проблемалар көтеріліп, жан-жақты талқыланады. Ел азаматтары бас қосатын жиынға барып, өз ұсыныстарым мен тілегімді мен де айтамын.
- Ырғыздықтарға айтар тілегіңіз?
С.Қарабалин: - Ырысты мекен – Ырғыз топырағында Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Тел Жаманмұрынов, Бәймен Алманов және басқа да республика көлемінде танымал болған мемлекет қайраткерлері дүниеге келген. Өз топырағында туып-өскен кемеңгер тұлғалардың есімін ардақтай білетін, жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білетін ырғыздық бауырларыма дамуды, амандықты тілеймін. Қазір өлкеміз дамып келеді, оған жолдар салынып, елді мекендерге газ барып жатқаны, жаңа мектептер ашылып, көркейіп келе жатқаны дәлел. Кім біледі, бұл сол ерін ардақтай білетін елінің зейнеті ме екен?!
Өмірдерек
Қарабалин Сұңқар Болатұлы 1969 жылы 10 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.
1985 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Киров ауылындағы Киров атындағы (қазір Ұ.Кәрібаев атында) орта мектепті «Алтын медальмен» үздік бітірген Сұңқар 1985-1992 жылдары Алматы сәулет-құрылыс институтында оқыған. Оның арасында 1987-1989 жылдары әскер қатарында қызмет еткен. Институтты «қызыл» дипломмен бітірген соң 1992-1994 жылдар аралығында Алматы сәулет-құрылыс институтында оқытушының ассистенті болды. 1994 жылдан 2010 жылға дейін түрлі коммерциялық және өндірістік кәсіпорындарда қызмет атқарды. 2010 жылдан «Effective Media Liaison» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2011-2013 жылдары Халықаралық бизнес академиясының магистратурасын оқып бітіріп, «Іскерлік әкімшілік магистрі» дәрежесін алды.
Қазақстанның алдыңғы қатарлы интернет-порталдары – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат тарататын жаңалықтар порталы «Tengrinews.kz», қазақ және орыс тілдеріндегі спорт порталы «Vesti.kz» және қазақ тіліндегі жастар порталы «Massaget.kz» Сұңқар басқаратын «Effective Media Liaison» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына енеді.
Сұңқар Болатұлының белсенді қызметі 2013 және 2015 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хаттарымен атап өтілді. Осындай еңбектері үшін 2017 жылы Алматы қаласында өткен Қысқы Универсиаданың алауын алып жүру құрметі бұйырды.
Сұңқар Болатұлы отбасылы, үш баласы бар.
Жерлестер ынтымақтастығының бастауы
"Туған жер ештеңе жоқ сенен ыстық, себебі сенде туып, сенен ұштық" деп ақын атамыз жырлағандай кім-кімге де кіндік қаны тамған жері, құшағына бөлеп өсірген елі ерекше ыстық көрінуі табиғи заңдылық болса керек. Алматыда тұратын жерлестердің анда-санда бастары қосылғанда әңгіме өзегі бірден туып-өскен Ырғызымыздан, қала берді "Құтты мекен - Ақтөбеден" басталып жатады. Ел жақтан келген жақсы жаңалықтарды айтып, қуанамыз.
Биыл облыс әкімінің бастамасымен Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толуына арналған шаралар аясында "Туған жер" республикалық жерлестер форумы өтетінін естідік. Бұл – әр жақта жүрген ақтөбеліктердің бірер күндік бас қосуы ғана емес, сонымен бірге олардың туған жерге тамшыдай болса да үлес қосуына деген ықылас-ниеттерінің тоғысуының, ынтымақтастығының бастауы болады деп ойлаймын.
Жыл сайын әртүрлі себептермен ел жаққа жолымыз түсіп тұрады. Сонда туған жерде болып жатқан оң өзгерістерді, жақсы игіліктерді көреміз. Ырғызымыз жыл сайын өркендеп, көркейіп келеді. Соңғы айлардың өзінде көшелерге асфальт, тротуарлар төселіп жатыр дегенді естідік. Көгілдір отын келгелі үй салушылар, не үйін қалалық үлгіге сай кеңейтушілер көбейе бастапты. Биыл өзімнің туып-өскен аулым Ақшиде екі қатарлы мектеп салынып пайдалануға берілді. Бір замандарда облыс орталығынан да, теміржол бекетінен де шалғайлығынан тұрмыс-тіршіліктің қиындығын тартқан елдің бағы жануын Елбасымыздың даналық саясатының, облыс басшысының қамқорлығының арқасы деп ойлаймыз.
Ақтөбеде өтетін "Туған жер" республикалық форумы осындай жақсы істерді, игілікті жұмыстарды одан әрі жалғастыратын идеялар өмірге келетін сәтті жиын болуына тілестегімді білдіремін.
Қайрат Бисенов,
Алматы қаласы.
Өмірдерек
Бисенов Қайрат Тәңірбергенұлы 1968 жылы 8 қарашада Ырғыз ауданының Коминтерн ауылдық кеңесіне қарасты Қызылпартизан (қазіргі Ақши) аулында туған. Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң Серпуховкадағы (Ресей, Москва облысы) жоғары әскери-теңіз инженерлері училищесінде оқыды. Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. Әскерден соң Алматыдағы педагогикалық училищені бітіріп, 1992-1995 жылдары Ырғыз орталау мектебінде, 1995-1997 жылдары Алматыдағы №139 орта мектепте қызмет жасады. 1997 жылдан бастап жеке кәсіпкер.
Қайрат Тәңірбергенұлы «Туған жерге тағзым» акциясына белсене қатысушы. Ол жыл сайын аудандағы мәдени-рухани көпшілік шараларға,өзі білім алған М.Төлегенов атындағы орта мектепке, өзі еңбек жолын бастаған Ырғыз гимназиясына т.б.тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.
Атап айтқанда, 2013 жылы Ырғыз гимназиясына 104 000 теңгеге проектор, 2016 жылы 30 000 теңгеге мектептің ішкі жабдықтарын алып берді. М.Төлегенов атындағы орта мектебіне 2014 жылы 170000 теңге музыкалық аппарат және 2016 жылы мектепке 30000 теңгеге қажетті жабдықтар сыйға тартты. 2015 жылы Ырғыздың 170 жылдық мерейтойына 170 000 теңге,2016 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне 30000 теңге және Ырғыз ауылындағы зират қорымын қоршауға 30 000 теңге демеушілік көрсетті.
Қайрат «Аймақты әнмен тербетіп..» дәстүрлі өнер мерекесінің тұрақты демеушісі, 2017 жылы 14-15 қыркүйекте өткен өнер мерекесіне үшінші рет 50000 теңге көлемінде демеушілік жасады.
Қайрат Тәңірбергенұлы отбасылы, зайыбы екеуі ұлдарынан 2 немере сүйіп отыр.
Ырғызым - көкейімдесің
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамда ерекше серпіліс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген еді. Расында, құнын ешнәрсемен өлшеуге келмес туған өлкенің саф ауасы, мөлдір суы, жылы лебі, жаздай жайдары мінезді адамдары әркімнің жүрегінен ойып орын алары сөзсіз. Шыр етіп дүниеге келген, қаз тұрып қадам басқан ауылыңның қадірін алыста жүргенде білесің.
Жүрегімнің түбінде сақталған балғын күндерді сағынғанда жанымның аңсары ауып, бір көрсем деп құмартатын туған жерім көз алдыма елестейді. Доп қуып, балық аулап, шыбықты ат қып мініп ойнаған достардың үні құлағыма келеді. Өмір деген қазанда мәре-сәре боп, жақын туысқандай біте қайнасқан көрші-қолаңның да бейнесі көз алдымда менмұндалайды. Сол мезетте жүрегім алып-ұшып Ырғызыма асыққандай боламын. Осынау ұлы өлкенің жазығында бабамның өр дауысы, ақ кимешекті әжемнің ғибратты әңгімелері, әкемнің қара шаңырағы, анамның әлдиі қалған. Сондықтан болар, қолым қалт еткенде қатпарланған тарихы тереңге бойлаған, ата-анамның мәңгілік мекеніне айналған туған өлкеме ат ізін салуға тырысамын. Себебі, онда көлдей көңілімді құрғатпайтын, бетімнен қақпайтын, қайта батасын беріп, төріне шығаратын ата-анамның көзін көрген жандардың естеліктері мен тілегін тыңдап, жасап қаламын.
Ауылыма барған сайын қаз-қатар тұрған көрші үйлеріне көз тоқтатып, өткенге көз жүгірткенде, сағым күндерім санамда жаңғырады. Үлкеннің кішіге деген қамқорлығы, кішінің үлкенге деген ізеті бөлек еді. Ал, ауыл балаларының бір отбасындай болып өмір сүруінің өзі неге тұрады?!
Мен дүниеге келген ойы мен қыры, белі мен беткейі, қойнауы ырысқа толы Ырғыз ауылы - қазақтың дана ақыны Абай Құнанбайұлының арғы атасы Ырғызбайдың туған мекені. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жұмысы да осы қасиетті жерден бастау алған.
Бүгін де мен бейқам күндерімнің куәсі болған дархан даламның, нағыз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ырысты өлкенің перзенті екенімді айтып, мақтана аламын. Дүниеге келіп, өсіп-өнген Ырғызымды жұмақ мекенге теңеймін. Мен үшін туған өлкемнің ірілі-ұсақ әрбір тасы бағалы.
Құрметті жерлестер! «Туған жер» атты Ақтөбе аймағында өткелі жатқан дүбірлі шара Елбасы мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасымен тығыз байланысты. Осы күнде өркениеті мен руханияты домбыраның қос ішегіндей жұптасқан, дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің әр перзенті қасиетті алтын діңгегі саналатын туған өлкесін мақтап, онымен мақтана алады.
Ендеше, жетістігіміз бен жаңалығымыз көк туымызға тұрақты тұғыр болғай. Баршаңызға тілерім, шаңырақтарыңыздан шаттық тарқамасын. Әрдайым жүздеріңізден қуаныштың лебі ессін. Ел игілігі жолындағы еселі еңбектеріңіз жемісті болсын. Ырғызымыз өркендей берсін!
Туған жеріміздің кеңге қанат жайып, гүлденуіне барлығымыз бір кісідей атсалысайық!
Айдар Башбаев.
Өмірдерек
Башбаев Айдар Карбозұлы 1972 жылғы 23 мамырда Ырғыз ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы тарихшы, экономика және бизнес бакалавры.
Еңбек жолын Ырғыз ауылында Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы Алматы облысының мемлекеттік басқару саласында жұмыс істеп келеді. Әр жылдары Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, Алматы облысы әкімі Баспасөз қызметінің жетекшісі – облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған. 2017 жылдың сәуір айынан бері - Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.
Айдар Башбаев Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2013), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен (2005), Алматы облысы әкімінің (2009) және Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің (2011) Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Отбасылы, үш баласы бар.
ТУҒАН ЖЕРГЕ ДҰҒАЙ СӘЛЕМ
Бәрі де халқымның арқасы
Ырғыз – менің туып өскен, кіндік қаным тамған жерім. Ырғыздың мектеп интернатында жатып оқып, қара нанын жеп, құдығынан суын ішіп өстік. Ырғыздың 10 жылдық мектебін үздік бітіріп, тау-кен өнеркәсібі университетіне оқуға түстім. 1956 жылдан бастап Қостанайда қызмет атқардым. Өскен елім, жерім Ырғыз болған соң еліме жаман ат келтірмейін деп намысқа тырысып, адал еңбек еттім. Міне, осы еңбегімнің арқасында қазір Қостанай облысына, Рудный қаласына еңбегі сіңген құрметті азаматпын. Қазақстанның еңбегі сіңген кенші атағын алдым. Осындай еңбегімді бағалап, мені құрметпен шақырып отырған облыс және аудан әкімдеріне рахмет айтамын. Қазіргі кезде денсаулығыма байланысты облыстық форумға бара алмайтыным өкінішті. Дегенмен алдағы уақытта шақырылған мерекелерден қалмауға тырысамын. Ең алдымен, халқыма, Ырғыз еліне алғысым шексіз. Осындай жетістікке жеткенім – халқымның арқасы.
Құрметпен: Әлсәбір Дәрменбайұлы,
Қостанай облысы, Рудный қаласы.
Өмірдерек
Дәрменбайұлы Әлсәбір 1933 жылы Ырғыз ауданының №25 ауылында туған. 1951 жылы Ырғыздың Сталин атындағы орта мектебін үздік аяқтаған. 1956 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың тау-кен институтын бітірген, мамандығы - тау-кен инженері. Белгілі ірі өндіріс орны Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында ұзақ жылдар қызмет атқарды. 1993 жылдан республикалық дәрежедегі зейнеткер. Күні бүгінге дейін Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет жасайды.
Әлсәбір Дәрменбайұлы қажырлы еңбегі арқасында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Шахтер даңқы» медалінің үш дәрежесімен, т.б медальдармен марапатталған. Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген кенші, Қостанай облысының және Рудный қаласының, Ақтөбе облысы Ырғыз және Әйтеке би аудандарының құрметті азаматы атақтарының иегері.
Топырағыңа бас иемін, туған жер!
Туған жер туралы сөз болғанда әсіресе алыста жүрген адамның ет-жүрегі елжіреп, бойына жылы қан жүгіріп, көз алдына елінің ең тамаша жақтары ғана елестей қалатыны белгілі. Ал, халқының қақ ортасында жүргендердің бойында келелі сәттерде мұндай елеулі әсердің болмауы да мүмкін. Ерте кезден бастап, елден білім іздеп жырақ кеткендіктен бе, менің өз жеріме, еліме деген сүйіспеншілігім мәңгі өшпейтін сияқты. Сондықтан болар, 1970 жылдары Ырғыз жайында «Мәдениет және тұрмыс» журналына «Төркінім» деген әңгіме жаздым. Ол әңгімені жазуымның себебі, кезекті бір төркініме қыдырып барған кездегі көріністерден туған болатын. Менің туғаннан бастап бүкіл балалық шағым, мектептегі оқыған кездерім бәрі сол Ырғыздың табанында өтіп, аудан орталығындағы Сталин атындағы орта мектепті 16 жасымда бітіріп шықтым. Орта мектепті оқыған кезде білімді, парасатты мұғалімдер сабақ берген еді. Оның ішінде атақты педагог Алдан Жарылғапов ағайдан бастап әдебиеттен сабақ берген қазіргі кезде Ақтөбе қаласында тұрып жатқан ғалым-педагог Жания Нұржановалармен қатар Орал педагогикалық институтын бітіріп келген біртоп жас мүғалімдер болатын.
Тұрмысқа басқа елге шығып, олардың әдет-ғұрпына бой ұсынып, үйрене жүріп өз еліңнің жақсы жақтары ойыңа орала беретіні де заңды құбылыс екеніне көзім жетті. Сонымен қатар, біреу сенің елің туралы жағымсыз пікір айтса, жаның удай ашып, намысыңа тиетіні де белгілі. Жоғарыда айтқан «Төркінім» деген әңгімем осындай намысқа тиген сөздерден туған болатын. Бұл кездерде менің әке-шешем қартайып, баласының жұмысына байланысты Ырғыздан көшіп, «Коминтерн» колхозында тұратын. Сонда балаларыммен,бірнеше қайын інілерімменқыдырып келгенде бірнеше күн топырақты суыра соққан желдің әсерінен құдықтардағы су тартылып, ауылдың жарық беретін жүйесі де үзіліп, жарықсыз қалғаны бар емес пе. Менің намысшылдығымды білетін жолсеріктерім онсыз да жолшыбай біздің жердің әлі де жетіспейтін мәдени-тұрмыс жақтарын бетіме басып мысқылдап келген-ді. Соның бірі-Ырғыз өзенінен өтерде өткел болмай, өзеннің жоғарыдағы аурухананың қарсы бетіндегі бөлігінен машинаны суға жүздіріп, өзіміз шешініп, суды жаяу кешіп өткенімізде қайынінілерім қарқылдап күліп, «Совет өкіметі қаншама жыл өмір сүрсе де, мына Ырғыздың суына бір тақтай көпір бұйырмапты ғой» деп қалжыңдаған. Әрине, бұл қалжыңдарға мен жымиып күлген кейіп білдіргенмен, ішімнен жылағым келіп, бұл қалпымды сыртқа шығара алмай қиналдым. Міне, енді оның үстіне «Жығылғанға жұдырық» дегендей, мына шаңды дауылдың кесірі тағы қарсы алдымнан шыққаны барлық шыдамымды шайқағандай болды емес пе?!
Бірақ елімнің байлығы, халқының пейілінің кеңдігі, анау-мынау табиғат құбылысынан туындаған жағдайсыздықтарды жойып жібергендей болды. Осындай олқылықтарды болдырмауға үлес қосатын, өз жерін көгалдандырып-көркейтетін, көпірін салатын, елдің мәдениетін көтеретін жас буын жаңа төркіндеріме деген сенімімнің барлығын сол әңгіменің мазмұнында айтқан болатынмын. Кезінде «Мәдениет және тұрмыс» журналына шыққан бұл әңгіменің біздің жерге әжептәуір пайдасы тиді. Журнал Орталық Комитеттің органы болғандықтан, сол жылы Ырғыз ауданына комиссия барып, су құбырларын жүргізуге, электр қуатын жаңартуға, аудан орталығындағы паркты жасылдандыруға байланысты көптеген қарарлар қабылдап, оның біразы орындалды да. Әрине, ол кездегі мұны сезінген азаматтар қазір арамызда жоқ болғандықтан бүгінде бәрі ұмытылды ғой. Мұндағы айтпағым, өз жеріңе бір шыбық қадасаң да одан алған ләззаттың, жүректегі сезімнің орны бөлек екен.
Қазіргі таңда Ырғыз ауданының мәдени-тұрмыстық тұстарының біраз өркендегенін біліп отырмыз. Бұл ел азаматтарының туған жеріне, еліне деген ықыласынан туындап отырғанын да сеземіз.
Әрине, ортасында отырып қолдан келгенді жасамағандықтан, ел азаматтарының назарына да іліге бермейтініміз белгілі. Мен 70 жасқа толғанда Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институты үлкен конференция өткізіп, тойлады. СондаЫрғыз ауданы әкімінің орынбасары келіп, маған «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» деген атақты жеткізіп, төсбелгі тақты. Бұл атақ осыған дейін мен иеленген ордендер мен ағарту ісіне байланысты марапатталған медалдардың бәрінен де қымбат болды деп айта аламын. Осыған байланысты Ырғыздағы мен тұстас-замандас әйелдер наразылық тудырып, «ол Ырғызға не істепті, біз болсақ, 10 бала туып, өз жерімізде қызмет етіп жатырмыз» десе керек. Бір жағынан бұл дұрыс та болар. Бірақ, әркім өз қолынан келген көмегін тигізе білсе «Туған жерге туыңды тік» деген мәтелдің іске асатыны сөзсіз. Мен өз басым 50 жылдан астам бастауыш мектептің балалары оқитын «Табиғаттану», «Қоршаған орта», «Дүниетану» «Айналамен таныстыру» оқулықтарын және мұғалімдерге арналған көмекші құралдарды шығарып отырсам, сол оқулықтарды оқыған балалардың ішінде менің жерімнің де балалары бар, менің әдістемелерімді пайдаланғандардың ішінде біздің елдің де мұғалімдері бар деп қуанамын . Биыл 80 жасқа келген тойымды тағы да өзім 40 жылдан бері қызмет атқарып кележатқан университетім үлкен шабытпен тойлады. Халықаралық конференцияға түріктен, өзбектен, қырғыздан оқымысты ғалымдар келді. Осылардың ішінде ең жақыным, туысқаным деп есептейтін туған жерімнің атынан Қанат Әбдірахманов ініміз келіп шапан жауып, ән орындағаны мені көкке бір көтеріп тастады. Бұл істі ұйымдастырған аудан басшысыМәди Қанатбайұлына шын көңілден апалық, аналық рақметімді айтамын.
Осы сияқты біздің Ырғыздың табанынан шыққан қаншама азаматтар сыртта жүргенімен, өздерінің келелі іс-әрекеті арқылы елінің-жерінің мәртебесін көтеретіні сөзсіз. Жақсы іс жасалса, ол қай жердің адамы екен деп сұрайды. Сондай жағдайда еліңнің аты аталса, төбең көкке жеткендей болатыны анық.
Ырғыз ертеден-ақ атақты ел азаматтарының қанат қаққан мекені. Бүкіл Қазақстанды басқарған Ұзақбай Құлымбетов, алғаш рет Алматыдағы ауылшаруашылық институтына дәріс берген ғалым Т.Сарбатырұлы осы Ырғыздан шыққан.
Қазіргі таңда біздің жеріміз Қазақстанға белгілі ғалымдарымен, сан қилы шаруашылық салаларын жаңаша құрып көзге түсіп жүрген шебер басшы азаматтарымен мақтана алады. Сондықтан да болар биыл жерлестеріміздің бастауымен, сыртта жүрген беделді ел азаматтардың қолдауымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» тармағына сәйкес Ақтөбе қаласында «Ақтөбе – құтты мекен» тақырыбында үлкен форум ұйымдастырып, облысымыздың бүкіл түлектерінің басын қосқалы жатыр. Бұл үлкен істің бастамасы деп ойлаймын. «Алтау ала болса, алақандағы кетеді. Төртеу бірге болса, төбедегі келеді» дегендей, туған жер азаматтары бас қосқанда талай келелі мәселелердің шешілетініне сенімім мол. Тек өкініштісі мен өз басым денсаулығыма байланысты қатыса алмай қалайын деп отырмын. Ал, форумға қатысушыларға үлкен шабыт, амандық, туған өлкемізді жаңаша құруға, оның өткені мен бүгінін, алда тұрған ертеңін елеусіз қалдырмай, табыстан-табысқа жете берулерін тілеймін. «Рухани жаңғыру» әр тұлғаның өз жерімен елін көркейтуге үлес қосуына кең мүмкіндік туғызып отыр. Осы тұрғыдан ел азаматтары еліміздің өркендеуіне үлес қосатынына сенімім мол! Білім ошақтарын жаңарту, ел басқарған атақты тұлғаларымызға ескерткіш орнату, ұмтылып кеткен ұлағаттыларымызды ел есіне қайта оралту сияқты істерді қолға алды деп сенемін. Істеріне сәттілік тілеймін!
Өмірдерек
Аймағамбетова Қазына 1936 жылы 3 мамырда Ырғыз ауылында дүниеге келген. Ол республика бастауыш мектептеріндегі оқыту әдістемесін зерттеуші белгілі ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор. Республика халық ағарту ісінің үздігі. Ырғыз ауданының құрметті азаматы. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық университетінің география факультетін бітірген.
1958-1961 жылдары «Балдырған» журналында, 1961-1970 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, 1970-1980 жылдары осы институттың бастауышта оқыту және мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі, 1980 жылдан бастап Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында факультет деканы, жаратылыс пәндері және бастауыш білім әдістемесі кафедрасының меңгерушісі.
Қазына Аймағамбетова 1998 жылы «Дүниетану пәнін оқытудың теориялық және әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады, басқа да 100-ден астам еңбегі жарық көрді. Бастауыш сыныптарға арналған оқулықтары мен оқу құралдары республика мектептерінің қазақ, орыс, ұйғыр сыныптарында қолданылып келеді. Ы.Алтынсарин медалімен марапатталған. Бастауыш сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтары «Атамұра» баспасында жарық көрді.
Ырғыздың алға басуына мүмкіндіктер көп
Форумға шақырғандарыңыз үшін рахмет. Поезға билет алып та қойып едім, бірақ дәрігерлер денсаулығыма байланысты рұқсат бермеді. Ақтөбеліктердің басын қосатын шара табысты өтетініне сенімдімін.
Біздің Ырғыз өңіріне келсек аудан қазір өркендеп келе жатыр. Мәдениет, өнер, білім салаларында табыстарға жетуде. Ырғыз өңірінен шыққан белгілі азаматтар да баршылық.
Ырғызда өсетін мүмкіндіктер өте көп, әсіресе агросаясатта. Суы мол, табиғаты керемет, мал өсіруге, мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы.
Бұл жерде он ғасырға жуық тарихы бар халықтық педагогика жақсы дамыған. Онда ата мен әженің, әке мен ананың, аға мен апаның тәрбиесі бар. Міне осы тәрбиемен жақсы тұлға, жақсы азамат қалыптасады.Сонымен қатар ұлттық өнер де жақсы қалыптасқан.
Қашанда Ырғыздан елге, халыққа танылатын өркениетті жастар шыға берсін деп шын жүректен тілек білдіремін.
Қуандық Ералин,
ОҚО, Түркістан қаласы.
Өмірдерек
Ералин Қуандық Ералыұлы 1950 жылы 14 сәуірде Ырғыз ауданы Аманкөл ауылында туған. Шымкент педагогика институтын бітірген.
Қуандық Ералин еңбек жолын 1968 жылы Ырғыз ауданының Коминтерн орта мектебінде аға пионер вожатый болып бастаған. 1973-1975 жылдары Қызылорда облысы Жосалы станциясындағы №414 орта мектептің сурет және сызу пәнінің мұғалімі, 1975-1987 жылдары Шымкент педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы, 1987-1993 жылдары осы оқу орнында сурет кафедрасының доценті, көркемсурет факультетінің деканы, аға ғылыми қызметкер болып қызмет етті. 1994-1996 жылдары А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімінде сурет кафедрасының меңгерушісі, профессоры, 1996-1997 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің көркемөнер және кітапхана факультетінің, 1998-2003 жылдары мәдениет және өнер факультетінің деканы, 2003 жылдан А.Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде факультет деканы болып қызмет жасап келеді.
Қ.Ералин педагогика ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, бейнелеу өнері саласынан орта Азия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері. 25 ғылым докторын, 20-ға жуық ғылым кандидатын дайындаған. 350 еңбектің авторы, оның ішінде 24 оқулық, 5 монография, 20 оқу құралдары бар.
Өркендей бер, Ырғызым
Ең әуелі құрметтеп осынау үлкен шараға шақырған жерлестеріме, аудан және облыс басшыларына алғысым шексіз. Өкініштісі қанша барғым келгенімен Форумға қатысудың реті келмеді, қызметіме байланысты шетелге іссапарға кетіп барамын. Форум жұмысына сәттілік тілеймін.
Ырғыз өңірі менің туған жерім болғандықтан, тілейтін жақсы тілектерім көп. Менің айтарым: барша ақтөбеліктер, оның ішінде ырғыздықтар Елбасының рухани жаңғыру саласындағы саясатына байланысты өркендері кеңейіп, қолға алған шараларының, еңбектерінің жемісі мен жеңісін көрсін. Осы шараға дайындық басталғалы қайта-қайта хабарласып жатқан аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлеріне де тек сәттілік тілеймін. Ауданымыздан еліміздің болашағы болатын білімді жастар көптеп өсіп шыға берсін. Өркендей бер, Ырғызым!
Аслан Байниязов,
Астана қаласы.
Өмірдерек
Байниязов Аслан Әбдуханұлы 1973 жылы 18 маусымда дүниеге келген. 1990 жылы Ырғыз ауылындағы Ы.Алынсарин атындағы орта мектепті, 1995 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. 1995-2001 жылдары аталған оқу орнында ассистент болып еңбек етті.
2001 жылдан Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде аға мұғалім, 2011-2013 жылдары доцент қызметін атқарды. 2013 жылдан Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ветеринариялық санитария» кафедрасында доцент болып қызмет жасайды.
Аслан Әбдуханұлы 2007 жылы ветеринариялық патология, морфология және онкология мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Халықаралық және республикалық басылымдарда 47 ғылыми мақалалары мен ғылыми-әдістемелік еңбектері жарыққа шықты. Оның ішінде 3 оқулық, 6 оқу құралы, 14 оқу-әдістемелік құрал баспадан шығып, 4 өнертабысқа алдын ала патент және авторлық куәлігін иеленді.
Жанұялы, екі ұл тәрбиелеп отыр.