Оразалина Багила

Менің ұлым Ахмет Дәулет Нұрғалиұлы 2016 жылы Астанадан ЕНУ сәулет-құрлыс мамандығы бойынша жоғары білімді дипломын алып келді. Мемлекеттік қызметке орналасуға сынақтан өтіп, сертификатын алып келді. Аудан әкімшілігіне қажетті құжаттарын 03.10.2016ж тапсырған болатын. Конкурс жарияланатын уақытта хабарын береміз деген. Содан бері кутіп үйде отыр. Конкурс қашан жарияланады? Оны қашан, қалай білуге болады? Жұмыссыздыққа тіркелгеніне 3 айдай болды.

Құрметті Оразалина Бағила!
Сіздің менің блогыма жазған сұрағыңызға сәйкес төмендегідей жауап беріледі:
Аудан бойынша жергілікті атқарушы органдардағы бос тұрған мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына азаматтарды қабылдау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №12 бұйрығымен бекітілген «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасуға конкурс өткізу қағидаларына сәйкес жүргізіліп келеді.
Конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу конституциялық құқықтарын қамтамасыз етеді. Конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдары бар (бос лауазымдар) мемлекеттік органмен өткізіледі. Конкурс жариялаған мемлекеттік орган бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыру үшін конкурс комиссиясын құрады. Конкурс өткізудің тәртібі 2 түрге бөлінеді.
1.Ішкі конкурс
2. Жалпы конкурс
Конкурс өткізу туралы хабарландыру аудан әкімдігінің «irgiz.aktobe.gov.kz» ресми сайтында жарияланады. Конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін мемлекеттік органға құжаттарын тапсырған Қазақстан Республикасының азаматы конкурс қатысушысы болып табылады. Конкурс комиссиясының шешімі негізінде әңгімелесуге жіберілген конкурс қатысушылары бос лауазымға орналасуға кандидаттар болып табылады. Конкурс комиссиясы конкурсқа қатысушылар тапсырған құжаттарды қарап, кандидаттармен әңгімелесу өткізеді және бос лауазымға орналасуға кандидаттарды іріктеуді жүзеге асырады. Конкурстың нақты жарияланатын уақыты белгіленбейді. Сондықтан жоғарыда аталған аудан әкімдігінің ресми сайтын үнемі бақылап, қарап отыруыңызды сұраймын. Сонымен қатар конкурс туралы мәліметтерді аудан әкімі аппаратының персоналды бірыңғай басқару (кадр қызметі) бөлімінен (8/71343/21608) біле аласыз. Сіздің балаңыз Ахмет Дәулет Нұрғалиұлы жалпы конкурс арқылы білімі біліктілік талабына сәйкес келген жағдайда құжаттарын тапсыра алады.
Категория: 
Трудоустройство