Ауруханалар

Ырғыз аудандық орталық ауруханасы туралы мәлімет
Ырғыз аудандық орталық ауруханасы
Жасқайрат СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, хирург.
Хирургтерге берілетін «Н.И.Пирогов» медалінің иегері.
Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш – жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулық – адам өміріндегі ең жоғары бағалы дүние болғандықтан, әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөле қарау қажет. Соңғы жылдары денсаулықты нығайтуға орай еліміз бойынша скринингтік тексерулер жүргізілуде. Жаңа жүйемін жұмыс жасау әдісі біздің ауданымызда да іске асырылуда. Әйткенмен, скринингтік тексерістен өтуге тұрғындар әлі де болса бейжай қарайды. Осы тұрғыда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жасқайрат СҮЛЕЙМЕНОВ скринингтік тексерудің тиімділігі, оның жүру жолдары туралы жан-жақты баяндайды.
Скринингтік медициналық байқаудан өту мықты денсаулықтың кепілі
Соңғы онжылдықтың ішінде Қазақстанда жүргізіліп отырған денсаулық сақтау саласындағы саясат экономикалық және саяси трансформациялардың салдары болды, сонымен бірге денсаулық сақтаудағы реформаларға көзқарас бірнеше рет түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі оның құрылымдарын перспективалық мақсаттардың айқын көрінісіне, барлық секторлармен ықпалдастыруға негізделген жаңа бағдарламаларды енгізе отырып, сондай-ақ дамудың қазіргі заманғы ғылыми, әлеуметтік жетістіктерін және соңғы технологияларды қолдану негізінде одан әрі жетілдіруді талап етеді. Елбасымыз болашаққа нақты міндеттер қойды. Оның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты-денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» екендігін атап көрсетті.
Халық денсаулығын нығайту мен жақсартуға сәйкес, сонымен қатар ел денсаулығының қазіргі заманғы жағдайына және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне жүргізілген талдау негізінде Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны іске асыру медициналық қызмет көрсетудің аз шығынды нысандарына өту үшін жағдай жасау, саланың профилактикалық бағыттылығын қамтамасыз ету, медициналық қызмет сапасын арттыру, арнайы әлеуметтік қызметтерді енгізу, халықтың өзін-өзі сақтау мінез-құлқының дәйектемесі, медицина қызметкерлерінің кәсіптік және жеке өсуі, денсаулық сақтау жүйесін қоғамның қазіргі талаптарына және нарықтық жағдайларына бейімдеу үшін жағдай жасау арқылы денсаулық сақтау жүйесін қарқынды дамытуға ықпал ететін болады. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерттеулерді күшейту, негізгі әлеуметтік-елеулі ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалтуды жетілдіру болып табылады. Жоғарыдағы аталған негізгі бағыттар әртүрлі кіші бағдарламаларға бөлінген олардың қатарына салауатты өмір салты және зиянды әдеттер мен қауіп факторларының әсерінен болатын аурушаңдық деңгейін төмендету, ана мен бала өлімін азайту, халықтың орташа өмір сүру жасын 70-72 жасқа ұзарту, дұрыс тамақтану, мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің денсаулығы, туберкулез, онкологиялық аурулар, АИТВЖИТС- пен күресу шаралары, аса қауіпті инфекциялардың профилактикасы, жол-көлік қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезінде шұғыл медициналық көмек мәселелері кеңінен қарастырылған.
Елімізде 2008 жылдан бастап Ұлттық скринингтік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оны тиімді жүзеге асыру біздің ел экономикасына түрлі аурулар мен уақытынан бұрын болатын өлім-жітім салдарынан тікелей және жанама шығындардың азайуы ретінде айтарлықтай үлес қоса алады. Скринингтік тексерулер арқылы әртүрлі жұқпалы емес созылмалы аурулардың алдын алу, диагностика жасау, негізгі әлеуметтік маңызды ауруларды емдеу, сауықтыруды жетілдіру. Скрининг (screening – сараптау, іріктеу) – бұл ерте сатыда ауруларды және қауіпті факторларды анықтау үшін белгілі бір жастағы дені сау адамдардың алдын ала медициналық қаралудан өтуі. Мақсатты топ – жыныс, жас, әлеуметтік жағдайға байланысты медициналық қаралуға кіретін халықтың белгілі бір тобы. Алдын ала медициналық қаралу – уақытылы емделу мен алдын алу, ауруларды ерте анықтау және ескерту мақсатында адамның денсаулық жағдайын бақылап отыру үшін жүйелі түрде дәрігерде қаралу әдісі. Халықтың белгілі тобының скринингті қаралудан өткізудің мақсаты ауруларды және оның пайда болуына септігін тигізетін қауіпті факторларды ерте сатыда анықтау болып табылады.
Аудандық емханада 2012 жылы 7 бағыт бойынша скринингтік тексерулер жүргізілді. Жүрек қан тамыр ауруларының алдын алу мақсатында 2269 аудан тұрғындарына скринингтік тексерулер жүргізіліп, 183 адамнан АГ,ЖИА диагноздары анықталып, «Д» есепке алынып, сауықтыру жұмыстары жүргізілді. Қант диабеті ауруының алдын алу мақсатында 2269 адамға скрининг тексерулері жүргізіліп, 2 адамнан қант диабеті ауруы анықталды, «Д» есепке алынды. Глаукома ауруының алдын алу мақсатында 1555 адамға скрининг тексерулері жүргізіліп, 3 адамнан глаукома анықталып, «Д» есепке алынды. Тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында 885 адамға скрининг тексерулері жүргізіліп, ешқандай ауру анықталған жоқ. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында 376 адамға скрининг тексерулері жүргізіліп, ешқандай ауру анықталған жоқ. Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында 443 адамға скрининг тексерулері жүргізіліп, 2 адамнан ауру анықталып, қазір сауықтыру шаралары жүргізілуде. Созылмалы В және С гепатиттерінің алдын алу үшін 249 ересек адамға,75 балаға скрининг тексерулері жүргізіліп,7 ересек адамнан, 2 баладан «оң мәнді» қорытынды анықталып, қазір емдерін қабылдауда.
Егер сіз биыл: 18, 25, 30, 35, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жасқа толсаңыз жүрек қан-тамыр ауруларының алдын алу мақсатында скринингтік тексеруден міндетті түрде өтуіңіз қажет. Сонымен қатар әйел адамдарда кездесетін қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу үшін:50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйел адамдар маммография арнаулы рентгенологиялық зерттеуден өтуі тиіс. Ал, жатыр мойыны қатерлі ісігінің алдын алу үшін: 30, 35,40,45,50,55,60 жастағы әйел адамдар жатыр мойынының өзгерістері көбіне осы жас аймағында жиі қалыптасатын болғандықтан, жатыр мойыны каналының жұғындысын цитологиялық зерттеу үшін гинеколог қарауына міндетті түрде келуі тиіс. Тік ішек қатерлі ісігінің алдын алу үшін 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ер және әйел адамдар нәжісті жасырын қанға (үлкен дәрет) тапсырып, онколог қабылдауында болуыңыз керек. Глаукома ауруының алдын алу үшін 40, 42, 44, 46, 48,50, 52, 54, 56,58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жасқа толсаңыз көз іші қан қысымын өлшетіп, окулист қабылдауында болуыңыз керек.
Скринингтік тексерулерден өту өз денсаулығыңды бағалап, аурудың алдын алу болып табылады. Сондықтан өз бойыңыздағы ауруды асқындырмай алдын алғаныңыз жөн. Жоғарыда аталған скрининг зерттеулер тұрғындар бекітілген медициналық мекемеде тегін өткізіледі. Егер сіздің жасыңыз биыл жоғарыда көрсетілген жастарға сәйкес келсе, онда міндетті түрде аудандық емханаға скринингтік тексеруден өтуге келіңіз.
Ақ халаттыларға құрмет
«Ақ халатты абзал жан». Бұл сөз қашаннан дәрігерлер мен мейірбикелер атына телінген. Заман талабымен ілескен білімді де, білікті мамандар көпшіліктің де басшылықтың да алғысын арқалап келеді. Ауданымыздың бір топ дәрігер, мейірбикелері жыл басында денсаулық сақтау қызметкерлеріне берілетін мәртебелі атақтарға ие болды.
Сырқаттанып ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген, тәжірибелі ақ желеңділерге бұл атақтар денсаулық сақтау саласындағы тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбектері үшін көрсетілген құрмет деп білеміз.
Сақтаған АХМЕТОВ, фтизиатр. "Гиппократ» медалінің иегері.
Әзияш ЕДІЛБАЕВА,педиатр. «Гиппократ» медалінің иегері.
Гүлайым Малдығұлова, педиатр «Гиппократ» медалінің иегері.
Алмагүл Есқарина, стоматолог. «Гиппократ» медалінің иегері.
Алексей АЛМАНОВ, рентгенолог. «Гиппократ» медалінің иегері.
Қарлығаш НАУРЫЗБАЕВА, акушер-гиниколог. «Гиппократ» медалінің иегері.
Күлай БАЙМАНОВА, педиатр. «Гиппократ» медалінің иегері.
Мейірбике ісі ең жауапты, қиын да қарапайым, әрі адалдықты қажет ететін кәсіп. Мейірбике сырқатқа ең жақын адам. Бүгінде аудан бойынша бір жүз жиырмаға тарта мейірбикелер жұмыс істейді. Олар сырқатты дерттен айықтырып, жабырқау жандардың жүрегіне шуақ беретін адал адамдар. Қиындығы көп кәсіп иелері де осындай құрметке бөленді.
Шынасыл ӘЛЖАНОВА, мейірбике. «Гиппократ» медалінің иегері.
Жаңыл ЖАСПАНОВА, мейірбике. «Гиппократ» медалінің иегері.
Сәуле ҚАЛЫМБЕТОВА, мейірбике. «Гиппократ» медалінің иегері
Динагүл БАЙБАҚТИНА,
мейірбике. «Гиппократ» медалінің иегері.
Басты мақсат – денсаулықты нығайту
Жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Халықаралық қатерлі ісікке қарсы күресу одағы 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл іс-шара дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен өткізіледі. Бұрын-соңды аты көп естіле бермейтін қатерлі ісік ауруының түрлері бүгінде алқымнан алып тұр. Жыл сайын дерттің бұл түріне шалдыққандар саны артуда. Сорақысы сол, ертеректе көбіне жасы қартаң тартқан адамдарда ғана кездесетін ауру жастарға да ауыз салған. Мамандар соңғы кезде қатерлі ісіктің жасарып кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық науқастың қатерлі ісікке шалдыққаны анықталса, олардың 17 мыңға жуығы көз жұмады. Олардың ішінде балаларда, ересектерде бар.
Онкологиялық аурулар ең алдымен қалқанша безі функциясы бұзылуына байланысты дамиды. Қалқанша безі қызметіндегі кемшіліктер әртүрлі жағдайда байқалады, яғни салмақтың күрт өзгеруі, ағзада әлсіздіктің пайда болуы, жалқаулық, ұйқышылдық, ашуланғыштық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, алқымның ісінуі, әлсіз иммунитет. Демек йод тапшылығы қатерлі ісік ауруларының басты себебі болып табылады. Сонымен қатар бұл ауруға көңіл күйде болатын күйзелістер, стресс жағдайлар, депрессияда маңызды әсер етеді. Қатерлі ісік ауруларының біздің елімізде ең көп кездесетін түрлері олар: өкпе бронх ісігі (рагі), тері меланомасы, ауыз-өңеш ісігі, аталық-аналық без ісігі, асқазан-тоқ ішік ісігі, сүт безі ісігі. Бұл онкологиялық аурулар негізінен осы мүшелердегі әртүрлі аурулар, яғни қабыну процестері, уақытында анықтамау, диагностикалық-скринингтік зерттеулерден өтпеу нәтижесінде қатерлі ісік ауруларына әкеп соқтырады.
Қатерлі ісік ауруларының алдын-алу шаралары:
1. Халыққа кеңес беру, оқыту жұмыстары (арақ ішу,темекі шегуден бас тарту)
2. Өнеркәсіптік зияндылыққа қарсы қорғаныш киімдерін кию, жұмыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау, санитарлық-гигиениялық шаралар, жұмысын ауыстыру туралы кеңес беру.
3. Құнарлы, рационалды тамақтану (көкөністерді, жемістерді тұтыну, сүт, сыр, балық өнімдерін жеткілікті мөлшерде пайдалану, С, А, Е дәрумендерін толық көлемде пайдалану).
4. Скрининг-диагностикалық зерттеулер мен қаралу кабинетіне жыл сайын тексеріліп тұру. Ал, қатерлі ісік ауруын анықтаған болса онкологта диспансерлік есепте болу, физиотерапевтикалық процедуралар қолданбау (ванналар, биостимуляторлар)
Бұл қатерлі дерттің тағы бір қаупі ол аурудың жасырын, белгісіз түрде басталатындығы, яғни бастапқы сатысында науқаста ешқандай клиникалық, симптоматикалық белгілер болмайды. Сондықтан қазір елімізде бұл аурудың өте кеш яғни 3,4 сатылары анықталу үстінде. Қатерлі ісік аурулары кеш анықталғасын емдеу нәтижесі де тиімсіз болады.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ендігі жер­де он­ко­ло­ги­ядан бо­ла­тын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші ке­зек­ке шықпақ. Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан та­мыр­ла­ры ауру­ла­ры мәселесі бой­ын­ша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді да­мы­ту бағдарламасын әзірлеуді тап­сы­ра­мын. Сол сияқты Ұлттық медициналық хол­динг ба­за­сын­да Ас­та­на­да қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет» деген болатын. Елбасы тапсырмасына орай онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Мұндағы мақсат – онкологиялық аурулардан халықтың өлімін төмендету арқылы өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру. Ол үшін ерте диагностикалау бағдарламаларын (скринингтерді) дамыту арқылы онкологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіру; ғылыми негізделген тиімділікпен диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістеріне қолжетімділікті арттыру. 2016 жылға дейін өңеш, асқазан, бауыр, қуық асты безі сияқты ағзалардағы қатерлі ісікті ерте анықтаудың скринингтік бағдарламасы жүзеге асады. Қазіргі таңда аудандық емханада сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек қатерлі ісігі ауруларына қарсы скрининг тексерулер жүргізілуде.
Биылғы жылдан бастап онкологиялық жәрдем бағдарламасы бойынша 11-12 жастағы қыздарға адамның папиллома вирусына (АПВ) қарсы тегін вакцинациялау басталады. Вакцина жоғары тиімді болу үшін, 6-8 ай ішінде үш рет иньекция жасау қажет. Вакцинация жасау қыздың ата-анасымен келісімді түрде жүргізіледі. Бұл вакцина жатыр мойны қатерлі ісігінің пайда болуының алдын алады. Демек, онкологиялық аурулармен күрес барысында ерте кезде жасалатын диагностиканы же­тілдіру ісі аса маңызды болып табылады.
Ернар ДОМАҚОВ,
денсаулықты нығайту орталығының дәрігері.